Облыс әкімдігінде жергілікті полиция жұмысының алғашқы қорытындысы мен алдағы жоспарларына арналған мәжіліс өтті. Жиында облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Балтабек Абылаев баяндама жасады. Құрылым басшысының айтуынша, Оңтүстікте жергілікті полиция қызметін ұйымдастыру бойынша қажетті шараның барлығы жасалған.
Жиында жергілікті полиция қызметінің басшысы жаңадан құрылған құрылымның алдында тұрған басым және бірінші кезектегі тапсырмалар ретін атады. Мәселен, құқық қорғау саласының жағдайына сағат сайын егжей-тегжейлі мониторинг жүргізіп, шұғыл жағдайдың алдын алу шараларына тез арада кірісу қажет. Оның ішінде әр қызметкердің жұмыс уақытын тиімді пайдаланып, қоғам игілігі үшін жұмыс істеу ләзім.
Сонымен қатар жеке құрамды қызметіне лайықсыз қызметкерлерден тазартып, ондағы тәртіпті нығайту аясында түбегейлі шаралар қабылдап, жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы және өкілдік органдармен, халықпен қарым-қатынас механизмін әзірлеп, құру керек. Бұл қатынас жан-жақты және барынша нәтижелі болуы тиіс. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің бастығы құрылым жұмысының сәтті жүруі үшін жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Кездесу соңында облыс әкімі жергілікті полиция қызметіне бірқатар нақты тапсырмаларды жүктеді. Атап айтқанда жаңа құрылым азаматтарды қоғамдық тәртіп орнатуда қоғамдық көмекші ретінде тартуы тиіс. Сондай-ақ, бұдан былай ұсақ-түйек құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік таныту принципі мәселесіне ерекше назар аударылатын болады.