Кәсіпкер келіншектерге не кедергі?

315
іскер әйелдер кеңесі

Іскер әйелдерге мемлекеттен қолдау болғанымен, оның тынысы тар. Әсіресе, ауыл-аймақтағы кәсіпкер нәзік жандыларға ақпар жетпейді. Соның салдарынан ауылдағы орта және шағын бизнес кенжелеп қалады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың қатысуымен өткен кездесуге өңірдің барлық аудан-қалаларынан іскер әйелдер жиналды. Бас қосқандар қазақ тіліндегі ақпараттың аздығы, ауылдағы қыз-келіншектердің кәсібіне тұсау болып тұрғанын жайып салды.

іскер әйелдер кеңесі
іскер әйелдер кеңесі

Статистика бойынша, бүгінде Қазақстанда 1 млн 440 мың әйел бизнеспен айналысады. Оның басым бөлігінде орта және шағын кәсіп бар. Арасында өзгеге үлгі боларлықтай алып өндіріс орындарын дөңгелетіп, өнімін экспортқа шығарып отырған нәзік жандылар да көптеп кездеседі.

Сәттілік серігі болған әйелдер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесіне шоғырланған. Мұндағы мақсат — ер азаматтармен қатар жүріп, кәсібінен нәсіп тапқандарды өзгелерге таныстыру, тәжірибесін көпшілікке паш ету.

Ләззат Рамазанова, ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы: «Аяққа тік тұрған кәсіпкер әйелдер өзгелерге үлгі болып, тәжірибесін ауыл-аймақтағы жаны нәзік жандармен бөліссе, олардың жігерін оятса, елімізде өз ісін дөңгелетер азаматшалар қатары артады. Әйел кәсіпкерлігі – айрықша іс, өйткені әйел өз ісін бастауы үшін материалдық қолдаумен бірге, ішкі күш-жігеріне сенімді болуы тиіс. Біздің тренингтердің, оқудың көмегімен олар сол сенімділікке ие болады. Олар табысқа жеткен және жеке тәжірибесін көрсету үшін келген бизнес-ханымдарды көреді, сол арқылы мұның шын екеніне, қол жеткізуге болатынына көзі жетеді».

Оңтүстікте 235 мың 608 кәсіпкер әйел бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, күнгейлік қыз-келіншектер жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуда алдына жан салмайды. Сондай-ақ, фармацевтика саласының қыр-сырын меңгеріп, дәрі-дәрмек өндіруде өзге үлгі болар нәзік жандылар көп. Қалада халыққа қызмет көрсету залдарын ашып, шағын кәсібін дөңгелеткендер саны мыңнан асады. Ал ауыл-аймақта сүт өндіріп, мал бордақылап, егін егіп отырған келіншектер бар. Солардың бірі — Шахтыгүл Бекзатова.

2004 жылдан бері кәсіпкер деген атауға ие болған 55 жастағы азаматша Сайрам ауданында мал бордақылау ісімен айналысады. Жастайынан төрт-түлікке жаны құмар келіншек сүт өңдеу цехының иегері. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Жер алып, ферам салуды және бау-бақша ешіп, жайқалтуды мақсат етеді. Бірақ, арманға жетер жолда кездесетін кедергілердің көп екенін біледі. Дегенмен, жеңіп шығуға дайын.

Шахтагүл Бекзатова, кәсіпкер: «Бізде үш тосқауыл бар. Біріншісі — ісіңе қажетті жерді алу қиын. Сосын ақпарат аз. Мысалы, мемлекеттің кәсіпкерлерге жеңілдетіп беретін несиесі туралы ауылдағылар кеш немесе мүлдем естімейді. Сосын алатын қаржыңа қоятын кепіл затыңның құжатын рәсімдеу. Дәл осы тұрғыдан келгенде көп кедергілерге тап боламыз. Кейбіреулердің беті бірден қайтады, ал енді біреулері әкімдік қызметкерлерінің арқасында шешімін тауып жатады. Осындай олқылықтар жойылса, жұмыссыз әйел болмас еді деп ойлаймын».

Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін ұлттық палата үш жаңа жобаны іске қосуға ниетті. Ең алдымен қазақ тіліндегі ақпаратты көбейтіп, онлайын оқыту жүйесін іске қоспақ. Сосын ауылда кәсіпкер келіншектердің банктерден алатын қаржысына қолжетімділікті арттыру мақсаты тұр. Сонда ғана іскер әйелдердің жолындағы тосқауылдарды жеңу оңайға соқпақ.