Туристерге қызмет көрсететін кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бар

10

Елімізде туристерге қызмет көрсететін кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері іске асуда. Инвесторларға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінде үшінші мегаполисте 5,4 млрд. теңге қаражатқа 11 қонақ үй салынып жатыр. Ал биыл Шымшаһарға келетін туристер саны 400 мыңнан асады деп жоспарлануда.

Қазақстанда алғаш рет туристерге қызмет көрсететін кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылай қолдау тетіктері іске қосылды. Жаңа 7 түрлі мемлекеттік қолдау жобасы қаңтар айының бірінен бастап жүзеге асуда.

Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: «Біздің жергілікті атқарушы орган тарапынан 4 мемлекеттік қолдау бар. Біріншісі туристік нысан құрылысы шығындарының бір бөлігін өтеу, яғни 10 пайыз. Жол бойындағы сервис болса, оның да 10 пайызын үкімет қайтарып береді. Туравтобустарды сатып алуда шығынның бір бөлігін өтеу – ол яғни 7 орыннан жоғары микроавтобусты алса болады».

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 4 туроператор және 87 туристік агенттік жұмыс істейді. Өткен жылы үшінші мегаполиске туристердің басым бөлігі Ресей, Түркия, Өзбекстаннан келген. Биыл да өңірге 400 мыңнан астам турист келеді де жоспарланып отыр дейді мамандар.

Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: «Біздің туроператорлар қаламызға шетелден әкелген әрбір туристке 15 мың теңге қаражатын төлейді. Ол дегеніміз бізге өткен жылы ішкі туризм салдарынан 317 мың адам келген болса, шетелдік туристер бізде 14 мың адам келген.  Қаңтар мен наурыз айы аралығында бізге жалпы 1498 шетелден туристер келген».

Қалаға келген туристерге қызмет көрсететін 7 ақпараттық дүңгіршектің қазір тек аэропорт, вокзал және Арбат демалыс аймағындағы нүктелері ғана жұмыс істейді. Ал қалған төртеуі келушілердің болмауына байланысты жабылып қалған. Жауаптылардың сөзінше, алдағы уақытта қала картасын және үшінші мегаполистегі туристік орындардарды көруге мүмкіндік беретін, кюар коды арқылы жұмыс істейтін арнайы бағдарлама іске қосылады.

Латиф Алиханов, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы жобалау және ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің менеджері: «Мынау Шымкент қаласының туристік картасы, мұнда қаланың туристік локациялары бар, отель, ресторандар, турагенттік нөмірі бәрі жазылған. Туристке керек барлық ақпарат көрсетілген. Одан бөлек басқа да қажетті ақпараттар бар брошюраларды туристерге ұсынамыз. Және бәрі үш тілде».

Әзірге аталған қолдау бағдарламасы аясында туристерге қызмет көрсетуге ниетті кәсіпкерлер табыла қоймапты. Айта кетейік, басқарма басшысының сөзінше, бүгінде Шымкентте 5,4 млрд теңгеге 11 қонақ үй салынып жатыр. Дегенмен оларға да кәсіпкерлер тарапынан өтінім берілмеген.

Гүлдана Дәурен