Жеңіс күніне орай «Мәңгілік даңқ» шеруі биыл да жалғаспақ. «Отырар» медиахолдингінің бастамасын облыс, қала әкімдігі қолдап отыр. 9 мамыр күні ұйымдастырылатын шеру таңғы сағат 8:00-де орталық стадион алдындағы алаңшадан басталып, Даңқ мемориялында аяқталады.
Шараға соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлердің ұрпақтары мен майдан даласынан аман оралған ардагерлер, сондай-ақ, тылда еңбек еткен қариялар, тұтқында болған боздақтардың ұл-қыздары да қатыса алады. Ерлікке тағзым етушілер ардагерлердің портреттерін алып шығады.
Суреттерді әзірлеумен жылдағыдай «APRIL» жарнама агенттігі айналысады. Биыл бұл жұмыстың ақысы — 700 теңге. Жарнама агенттігінің мекенжайы: Сасбұқаев көшесі (бұрынғы Темірязев көшесі). Облыстық прокуратураның артқы жағында орналасқан. Анықтама телефондары — 43-22-27 және 8 775 677 71 51.