Оңтүстікте құтыру ауруынан бір адам көз жұмды. Туыстарының айтуынша, 27 жастағы Бағдатты көшеде жүрген ит қауып алған. Марқұмның жақындары дәрігерлердің салғырттығынан дер кезінде науқасқа ем-дом жасалмады деп отыр.
Жақындары Бағдатты қаңғыбас ит 27 ақпанда тістеп алған дейді. Жайсыз жағдайдан кейін ол лезде жергілікті ауруханаға барыпты. Сенбі күні дәрігерлердің жұмыста болмайтынын алға тартқан медбике жедел жәрдем шақыртуға кеңес беріп, науқасты үйіне қайтарған.
Мұхан Әшірбаев: «Қолынан қан ағып тұрған. Соған шүберек байлап барды. Ол жақтағылар үйіңе барып, жедел жәрдем шақыр деген. Үйге келіп, жедел жәрдем шақырдық. Келген соң, баламды салып жібердім. Ал мен итті ұстаймын деп, осында қалдым. Ол жақта қандай дәрі салғанын білмеймін. Ал маған айтуы бойынша, оң иығына бір укол, сол иығына бір укол, сосын екі жамбасына екі дәрі салған. Болды, басқа ештеңке істеген жоқ деді.»
Марқұмның әкесі итті ұстап, мал дәрігеріне тексеруге тапсырғам деп құса болып отыр. Ондағы мамандар 4 наурыз күні төбеттің құтырумен ауыратынын анықтап, қорытынды шығарып берді дейді.
Мұхан Әшірбаев: «Укол салынған адам ауырмайды деді маған. Мен 100 пайыз кепілдік береміз деді. Сонымен әңгіме болды, олай болды, ақыры айналып келіп, иттің басын маған тауып бере алмады. Сол жерде тұрып зертханаға қоңырау шалды, «Иттің басы құрымасын» деді. Ортада мереке болып қалды. 9-ы күні барып тексереміз, мына иесі барады деді. 9-ынан кейін ешкім үндемейді. Мен іздеймін, таппаймын ешкімді. Анаусы мынаған сілтейді, мынаусы анаған сілтейді.»
Жақындарының айтуына қарағанда, 2 сәуірде науқастың жағдайы күрт нашарлап, жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Араға 4 күн салып, сырқат жігіт жан тәсілім етіпті. Айта кетейік, қаңтар айында еліміздің ақ халаттылары құтыру ауруының дендеп бара жатқанын айтып дабыл қаққан еді. Ал денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ит тістеп алған жағдайда міндетті түрде дәрігерлерге қаралуға кеңес берді. Бірақ марқұмның туыстары жергілікті жердегі ақ халаттылардың әрекетсіздігінен арысымыздан айрылдық деп ашынып отыр.
Осы жағдайға қатысты біздің тілшілер облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне хабарласқан болатын. Ондағы мамандар бұған байланысты қандай да бір ақпаратты дүйсенбі күні айтамыз деп, қысқа қайырды. Айта кетейік, жайсыз жағдайдан кейін санитар мамандар да тексеруге қызу кіріскен.
Мақпал Рысбаева