Бүгін белгілі болғандай, жыл басынан бері 458 күнгейлікті кене шағып үлгеріпті. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 45 пайызға артық. Кене шаққандардың көш басында шымкенттіктер тұр.
Шаһардан 168 тұрғын кене шақты деп шағымданыпты. Ал Мақтааралда екі азаматты, Арыста төрт адамды улы жәндік шаққан.
Көрсеткіштен шошынған ветеринар мамандар кене шаққан азаматтардың баспаналары мен қора-қопсыларын дәрілеуді бастап жіберіпті.
Ал өзге аймақтарда кенеге қарсы алдын алу шарасы әлі бастау алған жоқ. Мерзімі ауа райына байланысты үш рет шегерілген шараның шартты түрде қашан басталатыны белгісіз.
Жалпы, биыл облысымызда бір миллионнан астам ірі қара, 4 миллион ұсақ мал дәріленуі тиіс. Сондай-ақ, 29 миллион шаршы метр қора залалсыздандырылады деп күтілуде. Қажетті дәрі-дәрмекке бюджеттен 226 млн теңге бөлініп қойыпты.