Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданынан халықаралық іздеуде жүрген автокөлік табылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды. 8 сәуір күні Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне аудандағы сауда нүктелерінің біріне белгісіз тұлға автокөліктің қосалқы бөлшектерін өткізгені туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен облыстық жергілікті полиция қызметі өкілдерінен құралған жедел-іздестіру тобы 1979 жылы туған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде ұстады. Тексеру жұмыстары кезінде тәртіп сақшылары күдіктінің үйінің ауласынан құжаттары және мемлекеттік нөмірі жоқ, бөлшектелген «Киа Рио» автокөлігін анықтады.
Автокөліктің сәйкестендіру нөмірін Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің мәлімет қорынан тексерген поилцейлер бұл көліктің 2015 жылы Ресейдің Самара облысында ұрланғанын анықтады. Машина содан бері халықаралық іздеуді жүрген болып шықты.
Қазір автокөлік ақылы айып тұрағына қойылды. Осы жайт бойынша қылмысты кодекстің «Алаяқтық» дерегімен іс қозғалды. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген.
Қазіргі таңда оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.