«Театр көктемі — 2016». Оңтүстікте дәстүрлі өнер фестивалі басталды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне қолға алынған мәдени сайысқа жергілікті 8 бірдей кәсіби ұжым қатысып отыр. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, биылғы жарыста өнер ошақтары драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын сахналалайды. Бұл үшін шараға автордың өзі арнайы шақырылып отыр.
Ал әртістердің кәсіби шыңдалуы мен театрдың алтын қорын 7 адамнан құралған қазылар алқасы — Қазақстанның халық әртісі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаев, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық Ш.Айтматов клубының вице-президенті Бусурман Одуракаев, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Жұмабай Шаштайұлы, дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығының Германиядағы филиалының төрағасы Сүлеймен Шадкам, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, әдебиетші, сыншы, профессор, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Ергөбек бағалайды. Төрағасы — Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Еліміздегі еш облыста 8 бірдей театрға қазынадан қаржы қаралып, жағдай жасалмаған. Тек біздің Оңтүстік қана мәдениеттің өркендеп-дамуына жергілікті билік үлесін қосып, қамқоршы болып келеді. Бүгінде облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың бастамасымен талай игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Мәдениет саласының қанатын кеңге жаюына, республикамызда көш бастауына да мейлінше қолдау жасалып жатқанына көпшілік куәгер! Бүгінде көрерменнің, оқырманның талғамы биік. Шығарманы оқып-талдай біледі. Оны бойына сіңіре біледі. Өткен жылы өңіріміздегі 8 театрға 42 спектакль қою жоспарланған болса, өнер ұжымдары 52 премьера ұсынды. Оның барлығы көрермендер үшін! Бұл театрлардың Қазақ хандығының 550 жылдығына, Конституцияның — 20, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына тартуы болды. Мәдениет қызметкерлері тарихи датаға деген құрметін осылай білдірді. Ал «Театр көктемінің» тағы бір ерекшелігі — биылғы бас жүлденің қорын қаламгер Р.Отарбаев өзі тағайындап, көтеріп отыр. Бұл — күнгейде бұрын соңды болмаған оқиға. Тұлғаның жомарттығын тарихи оқиғаға балауға болады. Ел ағасы театрлардың еңбегін елеп, олардың өнеріне қанат бітіру үшін осындай мәрттік танытты. Бұл қадам еңбекке ғана емес, өнерге деген жанашырлық деген сөз».
Театр көктемінің шымылдығыны «Қара шаңырақ» түрді. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы Р.Отарбаевтың «Бас» атты тарихи туындысын ұсынды.
Айта өтетін ақпар, биыл «Театр көктемі — 2016» фестивалі 9-рет ұйымдастырылып отыр. Енді өнер иелері 3 күн бойы тәуелсіздікттің құрметіне арналған қойылымдарды сахналайтын болады. Жеңімпаз ұжымға темір тұлпардың тізігіні тапсырылмақ.