Анасы үшін перзентінің орны бәрінен бөлек. Баласынан бір минут хабарсыз қалса, аласұрып, жер-көкке сыймай кететін де ана. Сәбиі жыласа – жүрегі жылайтын да ана. «Баламның табанына батқан тас менің маңдайыма батсын» дейтін де ана. Шымкент қалалық Өзбек драма театры биылғы маусымын жанарды жасқа шылайтын драмамен ашты. Спектакль оқиғасы шын өмірден алынған. Бас кейіпкерлері арамызда жүр. Ана махаббатының қандай боларына үңілген спектакльді біз де тамашалап қайттық. Премьераға бас кейіпкер Аятбек Ақтеміров арнайы шақыртумен келген. Бүгінгі таңда Аякөз қаласында тұратын Аятбекпен сұқбаттасып, өткен өміріне терең бойладық. Көрген жанның көкірек тұсын түсініксіз сезімге бөлейтін шынайы оқиғаны кейіпкердің өз аузынан естіп білдік.

«Екі анам бір жерде жұмыс істеді»

Аятбек Ақтеміров 1958 жылдың 26 қазанында Қытай Халық Республикасының Майтау қаласында дүниеге келген. Ел заңына сәйкес аз ұлт өкілдеріне үш баладан артық тууға болмайтынын білсе де Аятбектің анасы Бихан төртінші баласын дүниеге әкелу үшін тәуекелге бел буған. Алайда қатал заң бұған жайдан жай қарасын ба? Баласын алып қоятын болғандықтан, амалы таусылған ана 1950 жылдың басында Қытайға мұнай өңдеу заводының құрылысын жүргізуге Кеңес үкіметінен барған отбасыға балапанын уақытша қарап беруге тапсыруына тура келіпті.

«Ол кісілермен анам бір жерде жұмыс істеген екен. Бір жатақханада тұрған. Бір-бірін өте жақсы таниды. Ол кісілер отбасын құрғандарына біршама уақыт болса да бір перзентке зар болып жүрген екен. Анамның жан қиналысын көрген құрбысы маған уақытша қарап беретінін айтып, қолынан келген барлық жақсылығын жасапты. Осылайша зымырап уақыт өтіп жатады. Мені бағып отырған ата-анам 1959 жылы Қытайдың Шаушек қаласына көшіп келіп сол жерде Совет консулында жұмыс істеген. Жұмыс істеп жүріп мені өз аттарына жазғызып құжат жасатқан. Маған қатты бауыр басып ерекше жақсы көрсе керек. Маған сегіз ай толғанда Қытай үкіметіндегі жұмыс мерзімі аяқталып, Бақты бекеті арқылы Қазақстанға өтіп кеткен. Тіпті туған анамның да хабары болмай қалыпты»

Хабарсыз кеткен әке

Сәбиін ескертусіз алып кеткенін Бихан ана Майтауға баласын бір көруге келген кезекті сапарында бір-ақ біліпті. Осыдан кейін зар илеген ана жүрегі 54 жыл бойы көкірегі қарс айырылып, баласын іздеумен өткізген. Сол күннен бастап жарты ғасырдан астам уақыт Қазақстанға жолы түскен адамдарға баласынан бір хабар ала келуін өтініп, көз жасын төгумен күн кешіпті.

«Туған әкем анамды маған аяғы ауыр кезінде оны үш баласымен тастап кеткен екен. Не үшін екендігін нақты біліп кетпедім. Ешкімнен тақауырлап сұрамадым да. Ал анам қиын-қыстау заманға қарамастан қара жұмыс істесе де бала-шағасын асырып бағу жолында аянбай еңбек етіпті. Уақыт өте келе әкем отбасына қайта оралған. Анамның әлі күнге дейін мені ойлап қиналып жүргенін көрген әкем Садық сол кездері Қазақстанға шегарадан заңсыз өтпек болып, қолға түскен. Содан кейін ешқандай хабар-ошарсыз кетіпті. Ал анам өрімдей бала-шағасымен тағы бір мәрте тағдыр тауқыметін тартып зар илеп қалған екен. Әкем Садақ қазақ болса, анам Бихан ұйғыр қызы»

«Асырап-баққан ата-анамды «өгей» деп айтуға аузым бармайды»


Осылайша арада зымырап жалдар өтеді. Өзін асырап баққан ата-анасы Қожа мен Орынбүбі Аятбекке шындықты айтпаған. Ол 54 жасқа келгенше Ақтеміровтердің ұрпағын жалғастырушы екендігіне күмәны да болмапты. Тіпті ата-анасы өмірден озғандарына дейін жалғыз ұлдарына батылы барып тіс жармай кеткен.

«Ата-анам маған шындықты айтпақ түгілі іс-әрекетерінен де асырап алған бала екенімді сездірген емес. Екеуі де мені жандарынан артық жақсы көрді. Мен де оларды әке-шешем ретінде қатты жақсы көрдім. «Басқа адамдардың баласы болып шығамын» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеуші еді. Егер туған анам мені іздемегенде шындықты білмеген күйі өтер ме едім, кім білсін?»

Әкесі Қожа мен анасы Орынбүбі Аятбектің көңілінде тек жақсы қасиеттерімен сақталған. Олар жайлы естелікті ерекше толғаныспен айтып берді.

«Екеуі де өте мейірімді жандар. Олар өте қарапайым әрі кішіпейіл еді. Маған берген тәрбиесі де сондай. Мал шарушалығымен айналысып, алдыма тек адал ас төседі. Адал еңбектерімен тапқан табысымен мені асырап бақты. Оқытты. Ешкімнен кем қылған жоқ. Ешқашан қабақ шытып дауыс көтермеді. Әкем Қожа – Көкше өңірінің тумасы. Бір отбасынан жалғыз тұяқ. Шешем Орынбүбімен соғыстан кейін отбасын құрған. Мені кішкентайымнан асырап бағып, бар азабымды тартқан жандарды «өгей ата-анам» деп айтуға аузым бармайды. Олар мен үшін өмір бойы туған ата-ана болып қалады. Әруақтары разы болсын. Мен ол кісілердің алдында өле-өлгенше қарыздармын. Марқұм өз туған анам да «олардың алдында мәңгі қарыздар» екенімді айтып кетті. Асырап бақан ата-анам бар азабымды тартып, түн ұйқысын төрт бөліп, мені осы күнге жеткізген мен үшін өмір сүрген жандар. Сондықтан да шындықты айтпауының да бір себептері болған шығар. Бағып-қаққан ата-анама еш өкпем жоқ. Керісінше өмір бойына алғыс айтуым керек»

«Қытайдағы анамды қызым тапты»

Өмір бойы өзін Ақтеміровтердің ұрпағы санап келген Аятбекке шындықты білу оңайға соқпаған. 54 жыл бойына бауыр еті баласынан бір хабар ала алмаған Бихан ананың баласын табуына Аятбектің қызы Дидар себепкер болыпты.

«Туған анамның мені табуына өз қызым Дидардың үлесі ерекше. Қызым Алматы қаласындағы Қыздар педогогикалық универститетінде Қытай елінен келген Әдина деген қызбен бірге оқыған. Жөн сұрасып, Әдинаның Майтау қаласынан екенін білген қызым Әдинаға «менің әкем де Майтауда туған, мүмкін танитындар бар шығар» деп менің аты жөнімді жазып беріпті. Әдина Қытай еліне барған соң қағазды анасына берген. Ал анасы бұрын Майтауда тұрған құдағиына қағазды беріп, «танитындар болса сұрастыра жүрші» деп өтініш айтқан екен. Енді міне Құдайдың құдіретін қараңызшы. Бір күні менің туған анам және Әдинаның анасының құдағиы бір автобуста бірге отырып, сапарлас болыпты. «Құдағиымның баласы Қазақстанда оқиды» деген әңгімені естіген менің анам, басынан өткен оқиғасын айтып мені табуға көмектесуін сұраған. Сол кезде ана кісі сөмкесін ашып, қағазды алып оқи бастағанда, анам есінен танып құлап қалады екен. Осылайша есін жиғаннан кейін үлкен әпкемді Қазақстанға мені тауып келуге жіберген»

«Мен үшін: туған анам – ерліктің үлгісі»


Алғашында бұл оқиғаны қабылдай алмаған Аятбек кейін шындыққа тура қарауды үйренген. Ол бұл оқиғаны отбасының өзіне көрсеткен мейірімімен жеңіл қабылдағанын айтады. Әсіресе жарық дүниені сыйлаған анасымен 54 жылдан кейін кездескен сәттегі сезімді ешқашан ұмытпайтыны анық.

«Отбасым бұл оқиғаны асқан түсінікпен, толғаныспен қабылдады. Жарым мен балаларым маған сүйеу болды. Солардың арқасында бұл жағдайдан өзімді жеңіл құтқардым. Анаммен алғаш 2012 жыл қазан айының 24-і күні Қытай елінің Қарамай қаласында 54 жасқа толған кезімде жолықтым. Сол сәтті сізге сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ешқашан естен кетпейтін ерекше сезім. Ол қандай қиындық болса да жеңе білген, жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де балаға деген махаббатын өшірмеген нағыз асыл ана. Ол мен үшін ерліктің үлгісі. Мені іздеген 54 жылда екі рет Меккеге барыпты. Екі ретінде де жаратушыдан мені бір көруін тілеп қайтқан. Мен анаммен мақтанамын! Маған әлемнің жарығын сыйлаған анама да мәңгі қарыздармын. Өкінішке қарай біз бірге көп уақыт өткізбедік. Туған анамды 2014 жылдың 9 желтоқсанында 89 жасына қараған шағында арамыздан алып кетті»

«Анам қайта тірілгендей күй кештім»

Аятбек – өнер адамы. Қазақтың қара домбырасын кішкентайынан жанына серік еткен ерекше дауыс иесі. Ол Бүкіл Одақтық халық творчествасы фестивалінің 2 дүркін лауреаты атанған. Өнер адамының жаны нәзік, сезімтал. Сондықтан болар өмірлік оқиғасын жан тебіренте отырып белгілі драматург Байғали Есенәлиевке баяндап берген.
«Байғали Есенәлиевпен сонау 1988 жылдан таныспыз. Аға-іні болып сыйласамыз. Бізді таныстырған құдіретті өнер ғой. Байғали – сезімнің адамы. Біздің жаққа бір сапарында осы оқиғаны айтып берген едім. Ұмытпасам 2016 жылдың қоңыр күзі болуы керек. 2017 жылы көктемде Байғали хабарласып, «Айеке, «Ана жүрегі» атты сценарий жазып қойдым. Танысып шығыңыз» деп менің электронды почтама жіберіпті. Оқып көрдім. Тәрбиелік мәні зор туынды дүниеге келіп тұрса, қалай қарсы болайын. Байғали бауырымның жазған драмасының желісімен Шымкент қалалық Өзбек драма тетары спектакль қойды. Анам қайта тірілгендей күй кештім. Осы тұста Байғали Есенәлиевке, «Ана жүрегін» бірінші болып сахналаған Шымкент қалалық Өзбек драма театырының ұжымына, зор алғысымды білдіремін»

Драма жазуға түрткі болған сөз

Елімізге белгілі есім Байғали Есенәлиев драманы жазуына ұйғыр қызының қазақ халқына айтқан бір ауыз сөзі түрткі болыпты.

Байғали Есенәлиев, жазушы-драматург:
Бұл оқиға менің басымнан өтпеді. Бірақ Аяттың маған өз тағдырын баяндауы перзентке деген ана махаббатының екі дүниеде де сөнбейтінін дәлелдеп берді. Сондықтан да мен осыны елге өнеге етіп ұсынғым келді. Аяттың әкесі – қазақ, анасы – ұйғыр. Әкесі ерте қайтыс болғандықтан анасы бала-шағасын бір өзі асырап жеткізген. Ол Аятбекке «Берген аманатқа адал қарап 54 жылдан кейін қайтарып беру үшін қазақтай ұлы халық болу керек. Сондықтан мен қазақтай ұлы халыққа екі дүниеде де қарыздармын. Олардың тілеуін екі дүниеде де тілеп өтемін. Осындай ұлы халықтың арасында менің де перзентімнің өскені үлкен мақтаныш» деген екен. Міне, осы бір ауыз сөзі менің осы бір драманы жазуыма себеп болды.

Бүгінде Аятбек өзінің «Ақтеміровтер» деген тегін алмастырмаған. Оған дәті де бармайтын еді. Өмірлік жары Нағима екеуі 2 ұл 1 қызды тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. Олардан төрт немере сүйіп отырған аяулы ата-әже. Айтуынша Ақтеміровтер әулеті әлі де жалғаса бермек. Аятбектің әңгімесінен ананың балаға деген ерекше сезімінің тағы бір мәрте куәсі болдық. Бір қуанатынымыз – жарты ғасыр өтсе де бір үмітке байланып күн кешкен Бихан ана арманда кеткен жоқ. Дәл осы сезімді театр әртістері де келген көрерменге шынайы жеткізе білді. Олар анамен бірге егіліп, анамен бірге қуанды.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті

№38, 19 ҚЫРКҮЙЕК 2018 ж.