Бақытты отбасынан шыққан баланың бәрі оза ма? Әлде, жарты жолда тоза ма? Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы бар ортадан лас ортаға түскен баланың тағдырын сахнаға шығарды. Сонымен аталған театрдың бүгінгі өзекті мәселеге үңілген драмасын тілшіміз көріп, ой түйіп қайтты.

Сахна шымылдығы шынайы өмірдің пердесін түргендей: жас ғұмырын шырғалаңға салған жастардың бүгінгі кейпі. Түнгі клуб, ащы су. Ең сорақысы жас буынның жалмауызына айналған есірткі. Театр әртістері осының барлығы нашақорлыққа апарар шырмауық жол екендігін көрсетті. Мұны бір отбасының жалғызы Жалқытайдың аянышты тағдыры арқылы жеткізді.

Нұркен Орынбек, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Бұл қойылымды көріп отырып балалар көп нәрсе түсінеді. Менің образымдағы баланың кейпіне түсіп кетпейтіндей болса, саналарына бірдеңе құйып, сабақ алып кетсе, сол біздің мақсаттың орындалғаны».

Қойылым белгілі жазушы драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нашақорлық жайлы новелла» атты драмасының желісімен қойылған. Режиссер жас толқынның қасіретті тағдырын алға шығарып, «Шырмауық» деп атапты. Спектакльдің негізгі өзегін табу мақсатында сахнаны түнгі клубтың бейнесінде безендірген.

Жұмабек Есімов, қоюшы режиссер: «Қазіргі жастар барлық жерден өзін көргісі келеді ғой. Сахнадан, кинодан деген сияқты. Көп балалар «мен өзім білем» деген сөзді жиі айтады. Ата-анасын тыңдамайды. Соған байланысты өзі білгеннің соңы не болатынын көрсете білдік».

Отбасының үкілеген үміті жалғыз перзентке ата-анасының көрсеткен мейрімі оны азғын жолдан сақтап қала алмады. Демек бала тәрбиесіне араласатын ортаның да әсері мол. Қойлымның көздегені де жас санаға адамгершіліктің нәрін сеуіп, ізгілікке үндеу.

Жанерке Хумар