Теміртаулық граффити суретші Павел Кас арнайы шақыртумен Шымкентке келмек. Қала әкімдігінің өкілдері өнер иесін облыс орталығында 13-15 мамыр аралығында өтетін «Shymkent Art Days 2016» заманауи өнер фестиваліне қатысуға шақырып отыр. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты жазады.
— Павел Кас — қазіргі замандағы өзекті мәселені суретімен көрсете білетін шығармашылық иесі, –деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай. — Шымкент Павелді қуана қарсы алады. Ал фестиваль ұйымдастырушылары оған қажетті материалдарды ұсынуға әзір. Оның салған суреттері қаланың көркін одан сайын аша түседі деген ойдамын.
Еске салайық, Павел Кастың граффити бағытындағы суреті Теміртау қаласы әкімдігінің наразылығын тудырған болатын. Ол өзінің әріптестерімен бірге көп қабатты үйдің қабырғасына француз суретшісі Анри Матистің «Би» деп аталатын картинасын бейнелеген. Онда адамдар түтіні будақтаған құбырды айналып, билеп жүр.
Суретшілер осылайша қоршаған ортаның ластануына қарсылықтарын білдіріпті. Ал Шымкент қаласының әкімдігі олардың бұл әрекетін жоғары бағалап, Павелді арт-фестивальге шақырып отыр. Суретші ұйымдастырушылармен қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөліміне 8(7252) 54-50-07 телефоны арқылы немесе www.visitshymkent.kz сайтына хабарласа алады.
Айта кетейік, «Shymkent Art Days 2016» фестивалі қаламызда алғаш рет өтіп, «Қазіргі заманның үндеуі» атты тақырыпта ерекше өнер иелерінің басын қоспақ. Үміткерлер стрит және поп-арт, мүсін және сәулет, дизайн және граффити секілді шығармашылық бойынша сынға түседі.