Оңтүстікте жастарға психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу бөлімі ашылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Арнайы бөлім облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жастар ресурстық орталығында ашылып отыр. Онда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар көмек күте алады. Бөлімде төрт психолог-кеңесші жұмыс істейді. Бұл жерде қиын жағдайда қалып қойған жасөспірімдерге орталықтандырылған байланыс жүйесі арқылы психолог мамандар тегін көмек көрсететін болады.
Сондай-ақ, рухани жәрдемге мұқтаж жандар үшін тренинг залы, жеке қабылдау бөлмесі арнайы керекті құрал-жабдықтармен жабдықталып, толық пайдалануға берілді. Бұл орталықта жастар мен жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің және аутодиструктивті оқиғалардың алдын алу мақсатында 10 жоғары және арнаулы оқу орнында кездесулер жоспарланған.
Бұған қос жас отбасыларды бір жерге жиып, «Неке және Отбасы» тақырыбында сабақтар ұйымдастыру, жеке психологиялық мәселелері бойынша жүгінген азаматтарға моральдық тұрғыда қолдау көрсету, дұрыс шешім қабылдауын ұғындыру, тиісінше проблемалық мәселелерін шешуге көмек көрсету жөнінде түрлі іс-шаралар жүргізіледі деп күтілуде.