Шымкент қаласы туралы эссе жазып, жолдама ұтып алды

Шымкент қаласы туралы эссе жазып, жолдама ұтып алды. Қала әкімдігі мектеп оқушылары арасында жарияланған «Шырайлы Шымкент» республикалық эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Еліміздің ерекшілігін, жеткен жетістіктерін, жалпы дамуын өзгелерге танытуды көздейтін жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 311 оқушы қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстарын жолдаған болатын.

Екі айға созылған шараның қорытындасы бойынша, 20 оқушы үздік деп танылды. Оның 10-ы еліміздің өзге облыстарынан. Жүлдегерлер түрлі сыйлықтарға ие болумен қатар, шырайлы Шымкент қаласының, көрікті әрі маңызға ие нысандарын екі күн бойы тегін аралайтын болады.

Қаракөз Тасқынбайқызы,  Қызылорда қаласының тұрғыны, байқау жеңімпазы:  «Мен Шымкент қаласына бұған дейін ешқашан келмеппін. Бұл менің арманым болатын. Сондықтан мұндай мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын. Әрине бір рет те келмеген қала туралы жазу оңай емес. Бірақ мен көп іздендім. Кітапханаға барып, ақын-жазушылардың шығармаларын ақтардым. Шаһар туралы өз ойыммен бөлістім. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын».