Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай тәуелсіздік алаңы ашылды. Ел мерекесі қарсаңында ауданда жыл соңына дейін 25 нысанды халық илігіне тапсыру жоспарланса, бұл алаң соның алғашқысы болып табылады.
Заманауи лэд-экрандар орнатылған нысанға жергілікті бюджеттен 20 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Тиісті жұмысты «Север-Юг Универсал» мекемесі жүргізді. Көлемі 120 х 70 метр болатын алаңға 4 мыңнан астам халық сияды.
Жаңа нысанның арнайы жабық сахнасы бар. Сонымен қатар Бәйдібек ауданының тарихы мен егемендік алған жылдардан бергі аудан жетістігі арнайы баннерлерге жапсырылып, алаңды қоршай орналасқан.
Айта кеткен жөн, бұл күнге дейін аудандағы түрлі маңызды мәдени іс-шаралар Бәйдібек аудандық әкімдігінің алдындағы алаңда өтіп келген болатын. Енді жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілген тәуелсіздік алаңы Бәйдібектегі барлық мерекелік шаралардың куәсіне айналатын болды.