1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, өңір басшысы №4 балалар үйінде болып, ондағы «Бар мейіріміз — балаларға» мерекелік шарасына қатысты. Ең алдымен, мекеменің жұмысымен танысқан облыс әкімі ондағы тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, балаларға танымдық кітаптар мен киім-кешектер және велосипедтер сыйлады.
Бүгінгі таңда аталған балалар үйінде 94 бала тәрбиеленуде. Олардың әрқасысына жеке-жеке көңіл бөлген өңір басшысы, армандарын тыңдады. Әкім боламын деп алға шыққан балаға өз батасын берді. «Әкім бол, халқыңа жақын бол! Жақсы оқып, ел тағдырына алаңдайтын алғыр бол! Мен саған батамды бердім»,-деп арқасынан қақты.
Сонымен қатар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп бітірушілері де назардан тыс қалдырмады. Жыл сайын ҰБТ-да 50 балдан жоғары жинаған аталған санаттағы талапкерлер ақысыз оқуға түсіріледі. Мәселен, 2013-2014 жылдары 74 түлектен 140 талапкер грант негізінде білімін жалғастырса, 2015 жылы грантқа 89 түлек ие болған. Облыс басшысы балалар үйінің бітіруші түлектеріне сәттілік тіледі.