ОҚО әкімі Парламент депутаттарымен кездесті

535

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев ҚР Парламенті депутаттары Н.Дулатбеков, М.Ерман, Ш.Хахазовпен кездесті. Басқосуда Елбасының 5 әлеуметтік бастама үндеуінде айтылған міндеттерді орындау және елдің ішіндегі тұрақтылықты нығайту жайы әңгімеге арқау болды.

Кездесу барысында өңір басшысы аймақта атқарылып жатқан шаруаларды таныстыра келе, халық қалаулыларын халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуге мейлінше атсалысуға шақырды.

«Бүгінде облысымызда Елбасы қойған міндеттер кезең-кезеңімен орындалып келеді. Ол – халықтың баспана мәселесін шешіп, тұрмыстық әлеуетін көтеру. Биыл да ауқымды жұмыстарды қолға алғалы отырмыз. 2018 жылы құрылыс саласында 262 инвестициялық жобаның іске асырылуына 57,9 млрд. теңге қаралды. Жыл соңына дейін 132-ін пайдалануға беру жоспарда, 130 нысан 2019 жылға өтпелі. Оның ішінде тұрғын үй, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және тағы да басқа салаларға қатысты нысандар бар», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, өңір басшысы мәжілісмендерден сайлаушылармен кездесу барысында ел ішіндегі татулықты нығайту жұмыстарына мән беруді сұрады. Одан бөлек, халыққа заңнамалардағы өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі мәселелерді түсіндіру кезінде кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге қандай жеңілдіктер қаралғанын насихатауды да ұсынды.

Өз кезегінде халық қалаулылары облыста тиісті шаруалар керекті деңгейде атқарылып жатқанын халықтың берген бағасынан-ақ білуге болатынын айтты. Сонымен қатар депутаттар елдің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сол халықтың талап-тілектерін Үкімет жиынында көтеріп экономикалық әлеуетті көтеруге барынша үлес қосатындарын жеткізді.

Айта кетейік, ҚР Парламент депутаттары сәуірдің 6-на дейін облыстың аудан, қалаларындағы бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, сайлаушылармен кездесетін болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі