ОҚО әкімі Қытай Халық Республикасынан келген делегация мүшелерімен кездесті

425

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасынан келген делегацияны қабылдады. Кездесу барысында тараптар экономика және саяси байланысты арттыру мәселесін сөз етті, деп хабарлайды inform.kz.

Аспанасты елінен келген қонақтарды Қытайдың инвестиция және даму комитетінің департамент басшысы Чинь Юйцай бастап келді. Қазір екі ел арасында ортақ 51 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 10 пайызы оңтүстік өңірде орналасқан. Тараптар бұл кездесу сол көрсеткішті жақсарту үшін өткізіліп отырғанын атап өтті.

«Бұл кездесу екі тарап үшін де тиімді болады. Себебі, өңірде кәсіпкерлікпен айналысу үшін жақсы жағдай жасалған. Ол қытайлық кәсіпкерлерді қызықтырады деп ойлаймын. Алдағы уақытта болатын кездесулерге кәсіпкерлерді тартуымыз керек,-деді аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев.

Қытай делегациясының сапары екі күнге жоспарланған. Шетелдік қонақтар алдағы уақытта тағы да кездесу ұйымдастыру жоспарланғанын жеткізді.
«Негізінде екі елдің арасында байланыс жасау ыңғайлы.

Себебі Қытай мен Қазақстанды Ұлы Жібек жолы байланыстырып жатыр. Ал, бізді оңтүстіктің табиғи өнімі көбірек қызықтырады. Сонымен қатар Сіздердегі табиғи қазбалардың көптігі де бірлесе жұмыс істеуге қолайлы. Сондай-ақ, алдағы уақытта білім саласындағы байланысты арттыруды да көздеп отырмыз»,- деді Чинь Юйцай.