Күнгейлік нәзік жандылар соңғы 5 жылда мемлекеттік қызметке ғана емес, кәсіпкерлік саласында да көшбасшы болып келеді. Жетістікті бағындыруы үшін өңірімізде бар жағдай жасалып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті жиынында айтылды.
Басқосуға жергілікті билік өкілдері мен басқарма басшылары келіп, әйелдер үшін қаралған жеңілдіктер мен жобаларды таныстырды. Бірақ, облысымызда, оның ішінде аудандарда қоғамды жауыр еткен мәселе жұмыссыздық жойылар емес деді жиын қатысушылары. Елбасының «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы жүзеге аспай келеді.
Рәшкүл Оспанәлиева, облыстық мәслихаттың депутаты: «Облысымызда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында бөлініп жатқан миллиондаған қаржының барлығы тиісті орнын тауып отыр деп айта алмаймын! Мен мұны ашық айта аламын! Неге десеңіздер, соған бөлінген қаржы игерілуі керек. Анау 15-20 мың теңге қаралса әрқайсысына, соның қалғанын кәсіпорын төлеуі керек деген. Бірақ сол жұмысқа жолдама алған бірде-бірі жұмыс істеп жатқан жоқ! Жәй мемлекеттің теңгесін алуда. Мысалы, біз кәсіпкерміз ғой, бізге «Бизнестің жол картасы -2020″ бағдарламасы бойынша пәленбай миллиардты ұтып алдың, енді 200 адамды жұмыспен қамтуың керек» дейді. Бірақ соған ауыл-ауылдан әйтеуір адамның аты-жөнін тіркеп алады, бірақ оның ешқайсысы жұмысқа келмейді. Мен содан кейін «Жол картасы» бағдарламасынан бас тарттым!»
Айта өтетін ақпар, маусым айынан бастап өз кәсібін ашып, оны дөңгелетуге ниет білдірген азаматшалар үшін де шағын несие бағдарламасы қолға алынған. Арнайы жетілдіру сабағын оқып, қайта даярлаудан өткен маман бизнес жоспар түзіп, 500-мың теңге мен 3 миллион теңге аралығында несие алуына жағдай жасалыпты.