Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Алқаптарға ағын су жеткізу мәселесі де кешенді шешілуде. Мәселен, өңірдегі арық-атыздар тазаланып, каналдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Осылайша, биыл бұрындары айналымнан шығып қалған бір жарым мың гектар суармалы алқап қайта айналымға енгізілетін болады. Оған өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудың бес бағытының бірі ретінде басымдық беріліп отыр,-деп хабарлайды khabar.kz.
Ал 30 мың гектар жерге ағын су молынан жеткізілмек. Сөйтіп облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін әлеуеті бүгінгіден әлдеқайда артпақ.
Облыста биыл 103,5 шақырым канал күрделі жөнделіп, 428 шақырымы ағымдағы жөндеуден өтеді. 8 аудандағы суармалы алқап қайта айналымға енгізіліп, көп жерге ағын су молынан жететін болады. Тек Сарыағаш ауданына биыл каналдарды ретке келтіру үшін 1 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Берік Жәкібаев, «Қазсушар» РМК Сарыағаш аудандық филиалының директоры -195 шақырым каналды ағымдағы жөндеуден өткізіп, 16 шақырым каналды күрделі жөндеуден өткіземіз. Жалпы осы мақсаттан соң 600 гектар суармалы жер жаңадан қосылатын болса, 12 мың гектар жерге су жеткізу қабілеті артады. Экономикасында ауыл шаруашылығына басымдық беретін Оңтүстік Қазақстан облысының суармалы жерден алатын өнімінің үлесі артады. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігінің артқаны.