Отырар мен Түркістанда төтенше жағдай жарияланды

490
Оңтүстікте дауыл 300-ден аса ғимараттың шатырын жұлып кетті

Оңтүстіктің Отырар ауданында және Түркістан қаласында төтенше жағдай жарияланды. Алдыңғы күнгі дүлей желдің салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіліп, ауданды электр жарығымен қамту қалпына келтірілді. Облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Александр Путейко осылай мәлімдеді.

Оңтүстікте дауыл 300-ден аса ғимараттың шатырын жұлып кетті

Қазір шығындар толық есептеліп, тұрғын үйлер мен мемлекеттік нысандарды қалпы келтіру жұмыстары қолға алынған. Арнайы құрылған комиссия жағдайдың барлығын бақылауда ұстап тұр дейді жауаптылар.

Түркістан мен Отырарда дүлей желдің салдарынан 90 млн теңгеге жуық шығын келген. Алайда, бұл цифрдың еселене түсуі әбден мүмкін. Себебі, комиссия өкілдері әзірге толық шешім шығарған жоқ. Ойсырата соққан жел Отырар ауданына қарасты 8 ауылдық округтегі 650 үйдің шатырын ұшырып, 20 әлеуметтік нысанды қиратып кетті. Табиғаттың тосын сыйынан тұрғындар абдырап қалған. Қазір олар да қарап отырмай, баспаналарын қалпына келтіруге кірісіп кетті.

Ал Түркістан қаласында типтік мектептің шатырын жел тұтас ұшырып әкеткен. Білім ордасын жөндеуге 13 млн теңге керек. Келген шығын көлемі осындай. Зардап шеккен 3 ауданда да электр желілері қалпына келтіріліп, жұртшылық ауыз сумен қамтылды дейді есеп бергендер. Қазір желдің өтінде қалып, айтарлықтай зиян көрген Отырар ауданында 98 үй демеушілер есебінен жөнделіпті.

Барлығы мұндай кезде арқаны кеңге салуға негіз жоқ екенін біледі. Қазгидромет мамандары және төтеншеліктер апта соңына дейін табиғаттың тосын сыйына дайын болу керегін ескертіп отыр. Себебі, өңірде қатты нөсер болып, жауын жауып, жел тұрады деген болжам бар.

Ғалымжан Кенжебек