Аудандар арасында ұшақ қатынауы мүмкін

327

Таяуда Оңтүстік тұрғындары шалғай аудандарға әуе жолы арқылы қатынауы мүмкін. ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев канадалық «Викинг Эйр» компаниясы ұсынған ұшақтар таныстырылымына қатысты.

Шымкентке келген компания өкілдерінің айтуынша, «Twin otter 400» ұшағына 19 адам сыяды. Бұл әуе кемесі тек жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, жүк тасымалдай алады. Көп салалы ұшақтың су бетіне, тіпті, асфальт төселмеген қара жерге де қонуға мүмкіндігі бар.

Егер Қазақстан мен канадалық компания арасында келіссөздер жақсы нәтиже берсе, осы ұшақтардың алғашқы бағыты Шардара болмақ. Одан кейінгі бағыттар Мақтаарал мен Созақ аудандары болуы мүмкін.

«Викинг Эйр» компаниясы өкілінің айтуынша, олар Қазақстанмен жұмыс жасауға дайын. Сонымен бірге Қазақстанның экономикалық әлеуеті азаматтық авиация тұрғысында өте жоғары деп есептейді. Айта өтейік, әр ұшақтың бағасы 7 млн АҚШ долларын құрайды.