Мақтаарал ауданындағы бір ауыл барша Алашқа үлгі боларлық іс жасап отыр. Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев ауылының тұрғындары игі бастама көтеріп, ауылдастары, І топтағы мүгедек Абиболла Ибрагимовтың әбден тозығы жеткен үйінің орнына жаңадан үй салып беру үшін асарлатып жатыр.
Бірлігі жарасқан елдімекен тұрғындарының бірі қаржылай көмек беріп жатса, енді бірі заттай немесе көмектесу арқылы қол ұшын созуда, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
— Шыны керек, басында бір ауыз сөзім жерде қала ма деп те ойлап едім. Қаншалықты заман өзгергенімен, ауылымызда иманды адамдар әлі де көп екен- дейді мұқтаж жанға үй салып беру мәселесін көтерген жергілікті тұрғын Ж.Сариев. — Барлығы қолдап, іске кірісе кетті. Бүгінде көлемі 10 х 8 метр болатын 4 бөлмелі үйдің іргетасы қаланып, қабырғасын өріп жатырмыз. Құдай қаласа, баспананы биыл бітіріп, Абиболлаға қоныс тойын жасатамыз. Ол үшін 40 шақты жігіт үйдің құрылысына жұмылуда.
Айта кету керек, 60 жасқа таяған шағында жаңа баспаналы болуды үміт етіп отырған мүмкіндігі шектеулі жан А.Ибрагимовтың көзі көрмейді. Жұмыссыз. Жұбайы мен бір баласы бар.