Жерлестеріміз Астананың туған күніне тарту жасады

664

Күнгейлік өнерпаздар Астананың туған күніне сый-тарту жасады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың бастамасымен және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен жерлестеріміз астаналықтарға «Ән мен күй әлдилейді Астананы»  атты мерекелік бағдарламасын ұсынды.

Алдымен Конгресс-холл фойесінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған өнер шеберлерінің жылжымалы көрмесі өтті. Мәдени шарада «Нұрын шашқан Оңтүстік фотосуреттері», «Шынайы нышан, арнау», «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы», «Ұлы Отан соғысындағы қазақ батырлары» атты 4 бөлімнен құралған құнды дүниелер таныстырылды. Айтулы көрмеге тәуелсіздік жылдарындағы Елбасының Оңтүстікке іс-сапарының барысында мәдениет қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастармен кездесуінің 72-ден астам фотосуреті жасақталып, қойылды.

Шымкент шаһарында бой көтерген ғимараттардың, ескерткіштердің фотосуреттері, тарихи кезеңдер бейнеленген кескіндемелік картиналарды да елордалықтар тамашалауға мүмкіндік алды. Ал аталған көрмені арқадағы ағайынға жергілікті мұражайдың мамандары мен қылқалам шеберлері аралатып, әрбір дүниені етене таныстырды. Қаумалаған жұртшылық әсіресе суретші Айнабек Оспановтың шығармаларына қызығушылық танытты.

Айсұлу Фазыл, Астана қаласының тұрғыны: «Маған көрме қатты ұнады, әсіресе, Шымкенттің, Оңтүстік өңірінің тарихы бейнеленген суреттер. Осыны көру үшін бүгін ұл-қыздарым, көршілерімді ерте келдім. Таң-тамаша болып жүрміз. Енді перзенттерім Оңтүстік Қазақстан облысына барайықшы деп қызығушылық танытып жатыр. Әрине, табиғаты сұлу өңірге енді жол түседі деген жоспар бар».

13
Бас қаланың туған күнінде жерлесіміз, әйгілі суретші, қазақи қолданбалы өнердің хас шебері Құттыбек Жақыпов та тосылмады. Рухани сый-тарту жасады. Астанаға деген құрмет-ықыласын он саусақтың құдіретімен жеткізді. Өнер иесі жылдар бойғы еңбегін елордалықтардың назарына ұсынды. Қазақтың төл өнері мен елдің тағдыры көрініс тапқан фольклорлық-мифологиялық сарындағы гобелендерді тамашалаушы тұрғындардың да қарасы қалың болды. Енді қолөнер шеберінің жүздеген туындылары қыркүйек айының 15-іне дейін «Тәуелсіздік сарайының» төрінен табылмақ.

7

8

Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Астана күні мерекесіне Оңтүстік Қазақстан облысының өнер шеберлері Конгресс-холл залының сахнасында «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты гала-концертін өткізді. Мерекелік концертте Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері, Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері, облыстық опера және балет театры мен облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері өнер көрсетіп, көпшіліктің құрмет-ықаласына бөленді. Жергілікті сазгерлер, оның ішінде Ш.Қалдаяқовтың шығармалары да сахнаны әнмен әлдиледі. Жерлестеріміз әлемнің жаһұттарына айналған классикалық еңбектерді де еңсерді. Операның да сыршыл сазды шығармалары шарықтай шырқалды. Ал дәстүрлі әндер халықтың төл өнерін жаңғыртты.

Күлия Айдарбекова, ОҚО мәдениет басқармасының басшысы: «Бүгінде өңірімізде 738 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 423 кітапхана, 261 клуб, 25 музей, 1 көркемсурет галереясы, 8 кәсіби театр, 8 саябақ, 4 мәдениет және өнер орталықтары, облыстық филармония, «Оңтүстік фильм» мекемесі, «Оңтүстік Цирк», «Түркістан сарайы», зообақ, көрме орталығы бар. Соңғы 6 жылда облыста 43 мәдениет және өнер мекемесі, 6 мемориал, саябақ, кешен, алаң, гүлзарлар ашылды. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта ешбір өңірде 8 бірдей театрды облыстық бюджет қаржыландырмайды, тек бізде ғана облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың бастамасымен бар жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде театрлар өткен жылы 52 премьералық спектакльді сахналап, елдің алғысын арқалады. Ал Астана күні қарсаңында, біздің «Қара шаңырақ»- Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Сахнадан сәлем» атты ІV халықаралық жарысқа қатысып, үздік өнер көрсетті. Ал «Қазына» би ансамблі Австрияда өтетін халықаралық өнер байқауына жолдаманы жеңіп алып отыр! Мұның барлығы да тәуелсіздіктің жемісі деп білемін!»

Сөз соңында астаналық ағайын, залдағы көрермен қауым рухани сый-тарту әзірлеп, оны үлкен құрметпен ұсынған Оңтүстіктің өнерпаздарына алғысын жаудырды. Қазақтың төл өнері жаңғырып, ұлттық-аспаптарда күйдің шертілген кешін көптен бері тамашаламағанын айтып ағынан жарылды. Тың бағдарламаға тәнті болысты. Айта өтейік, осынау мерекелік думанды құттықтауға күнгейдің 160-қа жуық өнерпазы жұмылған.