«Астана – ұлы дала Елордасы» мерекелік кеші өтті

10

Шымкентте бас қаланың туған күніне орай «Астана – Ұлы дала Елордасы» мерекелік шарасы өтті. Арбат алаңында ұйымдастырылған кеште жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты. Ал сатира театры актерлері қала тұрғындарына көңілді викториналық ойындар ойнатты.

Оңтүстік гарнизонының 35/748 әскери бөлімі оркестрінің патриоттық әнімен басталған «Астана – Ұлы дала Елордасы» мерекелік шарасы керемет концертке ұласты. Кеште қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

Әзіл ысқақ және сатира театры қала тұрғындары мен қонақтарына арнап мерекелік қойылымын тарту етті. Ал кешті тамашалауға жиналған халық елорданың туған күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

«Барлық Шымкент халқын 6 шілде Астана күнімен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш болсын».

«25 жас құтты болсын Астана. Біз сені жақсы көреміз Астана. Астанамыз гүлдене берсін, көркейе берсін. Жандана берсін».

«Барлық қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймын. Еліміз аман. Жұртымыз тыныш болсын. Қазақстан құтты болсын»- дейді қала тұрғындары.

Астана күніне орай қаламыздың белді әншісі Астана Қарғабай өз өнерін көрсетті. Оның атын әкесі арнайы ырымдап қойған екен.

Астана Қарғабай, әнші: «Шымкент қаласының қонақтары мен тұрғындары баршаңызды Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Менің де атым Астана. Елорданың аттасымын. Барлық тұрғындарды осындай керемет мерекемен құттықтағым келеді. Әр қайсыңыздың отбасыңызға байлық, бақыт береке тілеймін»

Ұйымдастырушылар керемет кеш халықтың көңілінен шығу үшін концерттік шараны қойылым түрінде жасағанын айтады.

Арман Алиев, режиссер: «Ең бірінші Астананың туған күнімен құттықтаймын. Бүгін мәдениет үйі мен әзіл сықақ және сатира теартының жастары осында өнер көрсетеді»

Шара соңы викториналық ойындарға ұласты. Белсенді болған тұрғындарға қала күніне орай арнайы сыйлықтар табыс етілді.