Күнгейде кезекті кешенді тестілеуге құжат қабылдау науқаны басталды. Білім сынағына қатысуға ниет білдіргендердің дені — биыл ҰБТ-ға қатысып, шектік балды еншілей алмаған түлектер. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орнында ақылы негізде білім алуға құлық танытқандар да келіп, тиісті құжаттарын тапсырып жатыр.
Талапкерлер негізгі 4 пән бойынша, әдеттегідей, ұлттық тестілеу орталығының қадағалауымен сынаққа қатысатын болады. Ал емтиханға қатысуға ниет білдірген талапкерлер тамыздың 8-не дейін қабылдау комиссиясына келіп, өтініш жасай алады. Айта өтетін ақпар, биыл өңірімізде ҰБТ-ге 19 691 түлек қатысып, оның 1881 -і мемлекеттік сынақтан сүрінген.
Бұрхан Жаныс, талапкер: «Мен Темірлан ауылынан келдім. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 46 балл жинадым. Енді жаз бойы қайта дайындалып, кешенді тестілеуге құжат тапсырып жатырмын. Алла қаласа, жоғары балл жинап, жоғарғы оқу орнына түсемін деген жоспар бар. Биология — таңдау пәнім болғандықтан, агроном мамандығын меңгеруі ойда бар. Қобалжу бойымды тағы билеп тұр, дегенмен тәуекел деп, тест тапсырамын».