«Биылғы оқу жылы Тәуелсіздігіміздің 25-жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Демек, биылғы оқу жылы да ерекше, жемісті болуы тиіс.» Бұл туралы өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен өткен «Білімді ел — мәңгі ел» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.
Конференция барысында жаңа 2016-2017 оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалды. Өткен оқу жылында облысымызда 584 мыңнан аса оқушы білім алса, 2016-2017 жаңа оқу жылында 611 мың оқушы білім алады деп күтілуде.
Биыл облыста тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 мектептің есігі оқушылардың алдында ашылатынын мәлімдеген өңір басшысы 2016-2019 жылдар аралығында 177 мектепке дейінгі білім ұйымдарын ашу жоспарда екенін айтып өтті.
Педагогтар кеңесі кезінде білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген Мұстафаева Жанар Азаматқызы мен Тұрғынова Муккарам Толяшқызына 2 бөлмелі, ал Баймаханов Бағлан Сансызбайұлына 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Сондай-ақ бірқатар ұстаздар министрліктің және облыс әкімінің алғыс хатымен және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төс белгісімен марапатталды.