Шымкентте дизельді отынның тапшылығы сезілуде. Жанармайдың осы түрімен жүретін көлік жүргізушілері бекеттерді аралап, сағаттап кезек күтуге мәжбүр екенін айтады.
Май құю бекеттерінің қожайындары зауыттар дизельді отынның бағасы белгіленгенге дейін талонмен сатылатынын айтады. Кей жанар-жағармай бекеттерінде солярка атымен жоқ. Бірінде талонмен босатылады. Жүргізушілер 20 литрден артық сатып ала алмайды.
Ал жанар-жағармай құю бекеттерінің қожайындары зауыттың дизельді отын шығаруға шектеу қойғанын айтып отыр. Және тек талонмен қызмет көрсетуде.
Газ толтыру стансаларында да көгілдір отын қымбаттаған. Бір апта бұрын сығымдалған газ 50 тенгеден сатылса, қазір 55-60 теңгеден саудалануда.
Еске салсақ, энергетика министрлігі 7 тамыздан дизельді отын бағасы үкімет тарапынан реттелмейтінін мәлімдеген еді. Бұған Қырғызстан, Ресей елдеріндегі жағдай әсер етіп отыр. Еркін нарыққа шыққанда дизельді отын бағасы 5-10 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Жеткізіп берушілермен жасалатын келісім шартта жаңа баға белгінеді. Ал әзірге жанармайдың бұл түрі талонмен босатылады. Жауаптылар зауыттар бағаны бекіткен соң дизельді отын еркін босатылады деп уәде берді.