Түркістан облысында АИ-92 мен дизель отыны тапшылығы байқалады

40

Түркістанда 2 айдың ішінде бензин мен дизель отынын заңсыз шекара асырмақ болғандарға қатысты 94 жағдай тіркелген. Бұл өңірдегі мұнай өніміне деген тапшылықты тудыруы мүмкін. Ал сұйық отын Энергетика министрлігі тарапынан әр айға жеке-жеке бөлініп беріледі. Осы мәселені шешуге байланысты облыс басшысы сала мамандарына бірқатар тапсырма берді.

Күнгей өңірде 1 ақпаннан бастап, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 94 фактісі анықталған. Тексеріс барысында 2341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны тәркіленген. Жанар майды шетелге заңсыз шағармақ болғандарға 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Ал сала мамандарының айтуынша әр айға сұйық отын жеке-жеке есептелініп береді. Сондықтан көпшіліктің үлкен сұранысына ие өнім шетел асса өз өңірімізге жетпей қалуы мүмкін.

Сәкен Далиев, ТО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы: «Сұйылтылған мұнай өнімі энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес бөлінеді. Бізге 3 айға алдын ала бөлінеді. Мысалы сәуір айына 10 мың тонна, мамыр айына 12 мың тонна, маусым айына 10 мың тонна бөлінеді. Сонымен қатар, облыста газ баллонын 562 мың тұрғын қолданады».

Айта кетейік, аймақта қазірдің өзінде жанармай тапшылығы байқалады. Ал мұнай өнімін өзге елге шығару немесе басқа облыстарға тасымалдаудың соңы дефицитке алып келеді. Сондықтан облыс басшысы қолдан тапшылық жасамас үшін аудан әкімдеріне тауарларды қатаң бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Облысымызда жанар-жағармай мен газдың тапшылығы байқалды. Ол әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мұнай өнімдері бар-жоғы мен бағасына күн сайын мониторинг жүргізуі қажет. Осы салаға жауапты әкім орынбасары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе жұмыс атқарып, жанар-жағармайдың жасанды тапшылығының алдын алғаны жөн. Жанар-жағармайдың шетелге заңсыз тасымалына жол бермеу бағытында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты ұсыныстар беріңіздер»

Өңірде 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның 328-і дизель отынын сатумен айналысады. Статистика бойынша облыстық жанармай құю бекеттерінде АИ-92-нің– 1 мың 821 тонна, АИ-95-тің– 713 тонна, дизельдік отынның – 982 тонна қоры бар. Қазір мұнай өніміне тапшылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.