«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» республикалық конкурсының қорытындысы

463
«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» республикалық конкурсының қорытындысы

«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» республикалық конкурсының қорытындысы жарияланды. Оған еліміздің облыстары, Астана мен Алматы қалалары филиалдарының өкілдері қатысты.

Қорытынды бойынша үшінші орынға Жамбыл облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің маманы Айжан Баялиева, екінші орынға Алматы облысы бойынша әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы департаментінің маманы Дархан Болатов алса, бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің маманы Пернехан Досаниев жеңіп алды. Ол мемлекеттік тіл туралы өзі шығарған патриоттық әсерлі туындысымен әділқазылар алқасының есінде ерекше сақталып қалды.

«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» республикалық конкурсының қорытындысы

— Біздің конкурс 5 кезеңнен тұрды. Ол — дәстүрлі өзін-өзі таныстыру, мақал-мәтелдер сайысы, өнер сайысы, интеллектуалдық сұрақтар және де мемлекеттік тілде құжаттар дайындау. Өйткені біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету. Барлық үміткерлер конкурсқа аса жауаптылықпен қарады, дегенмен, ең мықтысы жеңіске жетті, — деп атап өтті басқарма төрағасының орынбасары Медет Құмарғалиев.

Құмарғалиевтің айтуынша, конкурстың қазылар алқасының құрамы Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің, «Нұр Отан» партиясының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралды.

— Бүгінгі күні мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын республикадағы негізгі мекемелердің біріне жатқызамын. Себебі, ондағы қызметкерлер халықпен үнемі қарым-қатынаста болады. Мен қазақ тілі саласындағы маман ретінде аталған конкурсты маңызды және өте дұрыс іс-шара деп айта алам. Осы іспеттес шараларды ұлттық компанияларда, акционерлік қоғамдарда, үкіметтік емес ұйымдарда, тіпті, мемлекеттік органдарда өткізіп тұрудың пайдасы зор, — деп атап өтті мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тіл саясатын талдау және мониторинг басқармасының басшысы Толқын Жолдыбайқызы Исақова.

Конкурстың жеңімпаздарына естелік сыйлықтары берілді.

— Мен қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып жүргеніме және Оңтүстік Қазақстан облысының атынан осыны тағы бір мәрте дәлелдей алғаныма аса қуаныштымын,- дейді конкурстың жеңімпазы Пернехан Досан.

«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік нышаны» атты республикалық конкурсы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.