Шымкентте алғаш рет театр сахнасында балалар өнер көрсетті. «Қуат» атты комедиялық драмада этика мектебі мен балалар студиясының 30-дан аса бүлдіршіні түрлі рөлдерді сомдайды. Қойылымның режиссері — Досжан Құлмұрат. Ал авторы — Бахытжан Көшеров.
«Қуат» деп аталатын туындыда қоғамның өзекті мәселесі көтерілген. Оқиғаның негізгі желісі жаңа технологиямен тығыз байланысты. 45 минуттық спектакльде Қуат есімді оқушы әкесі сыйға тартқан телефонға үңіліп, айналасындағылардың барлығын ұмытады. Виртуалды әлемге еніп кетеді, сабақты, достарын ысырып қояды. Осылайша өз жолынан адасқан баланы тек сыныптастары ғана ақылға шақырып, дұрыс жолға салады.
Ал этика мектебінің басшысы бүгінде телефонын жанынан тастамайтын оқушылар үшін өзекті мәселе екенін айтады. Сондықтан мұндай рөлдерді балалар өздері ойнап, оның керағар тұстарын өз бастарынан кешіре білсе, сезінсе дейді. Сонымен қатар ұялы телефон, планшет пен ғаламтор кеңістігінің тек пайдалы тұстарын ғана алса екен дейді.