Шымкенттегі ең ірі көлік базары жартылай бос тұр

Қазақстандағы автосалондар өз клиенттерін жоғалтуда. Ал базарда мінілген көліктерін саудалаушылар саны аз. Себебі, көлік бағасы арзандап кеткен. Давран Миразизов бірнеше жылдан бері көлік сатумен айналысады. Жуырда әкелінген жапондық «Тойота Рав 4» маркалы көлігін сата алмай жүр. Айтуынша, қолма-қол ақшаға сатып алушыдан айырбастауды сұрайтындар көп дейді.

bazar

Давран Миразизов, сатушы: «Базардағы сауда бүгінгі күні бір қалыпта. Доллардың көтерілуінен қай валютада сататынымызды білмей қалдық. Қазір барлығы теңгемен саудалап жүр. Ал базардың өзі ойын сияқты, біресе көтеріледі, біресе баға төмендейді. Қолма-қол ақшамен сату алушылар өте аз, ал айырбастап алушылар көп».

Сондай-ақ, автосалондардағы жағдай да мәз емес. Мұнда ең көп сұранысқа ие «Мерседес», «Инфинити», «Шкода», «Лексус», «УАЗ» «ЛАДА маркілі көліктер де өтпей тұр. Жыл басынан бері елімізде бар-жоғы 25 мың жаңа автокөлік сатылған. Осыған байланысты сарапшылар отандық автоөнеркәсіптің тығырыққа тірелгенін айтады.

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автоәуесқойлар одағының төрағасы: «26 млрд теңге бөлінді. Бірақ, оның салығын қоса есептесеңіз, автоөнеркәсіптің тапқан пайдасы шамалы. Меніңше бұл жерде бюджеттің цифрлары ғана сөйлеп тұрған сияқты. Әрине, бұл қаржы авто нарығына үлкен қолдау. Жеңілдіксіз тіптен жағдай қиындайтын еді. Дегенмен, мұның экономикаға қосар пайдасы аз».

Осыған сәйкес өндірістің жағдайы мәз болмай тұр. Егер екі жыл бұрын конвеерден 40 мың автокөлік шықса, 2015 жылы 12 мыңға дейін азайған. Ал биыл өндіріс 60 пайызға дейін қысқарыпты. Сарапшылардың болжамы бойынша келер жылы көлік саудасында қиындық болуы мүмкін. Бұған сатып алушылардың саны азайып, мұнай бағасының құлдырауы сеп болуы мүмкін. Өткен айдың қорытындысы бойынша бір айда — 3,5 мың, ал жыл басынан бері бар-жоғы 25 мың жаңа автокөлік сатылған.