Түлкібас ауданында су жаңа электр желілері жуырда пайдалануға берілмек. Келте Машат қосалқы станциясынана шыққан 10 кВольт электр жүйелеріне алғаш рет реклоузер автоматты қондырғысы да қоса орнатылып жатыр. Бұндай құрылғы өңірімізде тұңғыш рет қолданысқа енгізілуде. Қолға алынған бұл ауқымды тірлік «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің жаңғырту бағдарламасының аясында мүмкін болып отыр.
Тау баурайындағы Түлкібас ауданына қарасты Келте Машаттан сонау түкпірдегі Дәу баба ауылына дейін ұзыннан ұзақ жаңа электр желілері тартылып жатыр. Ұзындығы 32 шақырымдық желілердің пайдалану мерзімі 40 жылдан асқан. Соның 8 шақырымы былтыр жаңартылса, биыл қалған 24 шақырымға жуығы жаңғырту бағдарламасына енгізіліп отыр.
Келте Машаттағы тау жағалай орналасқан бірнеше елдімекенді жалғайтын желінің бойына реклоузер құрылғылары қоса орнатылып жатыр. Ұзыннан ұзақ созылған жүйеде ақау туындай қалса, оны осы құрылғының көмегімен ақау болған бөлігін ажыратып, өзге елдімекендер үздіксіз қуат көзімен қамтыла бермек.
Айта кету керек, реклоузер қондырғыларын «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі пилоттық жоба аясында арнайы тапсырыспен алдырған. 3 жылға кепілдік мерзімі бар құрылғылар 25 жыл бойы үздіксіз қызмет етеді дейді мамандар.
Келте Машат қосалқы станциясынан шыққан желінің ұзақтығына байланысты мұнда 2 бірдей реклоузер орнатылды. Бұл қолға алынған ауқымды тірлік алдағы қыркүйек айында толығымен пайдалануға берілмек.
Мақсат Жақсыбаев