Республикадағы ең қымбат жарық пен көгілдір газды біздің өңір тұтынады. Бұл қымбатшылық, әсіресе, кәсіпорындарға салмақ салып отыр. Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бизнес қауымдастығымен кездесіп, іскерлердің ісіне қолбайлау болып отырған түйткілдерді ортаға салды.
Саладағылар алдымен өңір басшысының алдына коммуналдық мәселелерді көлденең тартып, оңтайлы шешіп беруін сұрады.
Дағдарыс кезінде онсыз да қаржылық қиындықтарға тап болып жатқанда коммуналдық қызметтің шарықтауы іскерлердің шымбайына шындап батқан сыңайлы. Өңірдің әлеуетін оңтайлы пайдаланып, осында іс бастағысы келетін кәсіпкерлерді алдымен жарық пен көгілдір газдың бағасы алаңдатады екен. Кәсіпкерлер біздегі баға еліміздегі өзге өңірлермен салыстырғанда едәуір қымбат дейді.
Ал ауыл шаруашылығын түлетіп отырған кәсіпкерлердің ғалымдарға өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, оқымыстылар білген-түйгендерімен бөлісуге келгенде енжар. Сондай-ақ, сала әлі де маман тапшылығын сезінуде. Заманауи технологияларды жетік меңгерген жас кадрлар қажет дейді іскерлер.
Кәсіпкерлердің көкейін тескен күрмеулі мәселелер көп. Дегенмен облыс әкімі өңірдің әлеуетін көтеруде рөлі зор іскерлердің ісіне кедергі болған барлық мәселелердің оңтайлы шешілетініне уәде етті. Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы бизнесмендерге тосқауыл болатын әкімшілік және кедендік кедергілердің жойылатынына да сендірді.
Тауарөндірушілер үшін жағымды жаңалық. Облыс әкімі Шымкентте отандық тауарларды жарнамалау мақсатында көрме үйі ашылатынын жеткізді. Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы бизнесмендерге тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді жойып, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамту мәселесін де шешу керегін айтты.