ОҚО әкімдігінде селекторлық жиын өтті

269
ОҚО әкімдігінде селекторлық жиын өтті

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде облыстың 2016 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламаларының орындалу барысы қаралды.

ОҚО әкімдігінде селекторлық жиын өтті

Бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рақымберді Мүлкеманов есепті мерзім ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 574,2 млрд теңгені құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 319,6 млрд. теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 125,3 млрд. теңгеге жеткенін баяндады. Десе де, басқарма басшысының айтуынша, өңірге инвестиция тартуда нәтиже төмен. Яғни, 9 айда негізгі қорға 240,8 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2015 жылдың тиісті кезеңіне 82,4% құрады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатов биылға жоспарланған 14 нысанның 7-нде құрылыс кестеге сай жүріп жатқанын жеткізсе, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 9 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым бөлінген қаржының 96 пайызға игеріліп, жұмыстар жыл соңына дейін толық орындалатынын баяндады.

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының орындалу барысы бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жыл басынан бері 54570 адамға бағдарлама қатысушысы ретінде қолдау көрсетілгенін хабарлады. Оның ішінде 19965 адам өздігінше жұмыспен қамтылып, жылдық жоспардың 113 пайызын құраған.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Жансейіт Қансейітұлы әсіресе экономикалық индикаторлар бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде орындалып, облысқа қаржы тартуда инвесторларға жағдай жасалу қажеттігін атап өтті. Құрылыс нысандарын салып, коммуналдық жүйелерді реттеуде мерзімінен кешіккен мердігерлерді анықтап, жалпы тізімнен шығаруды айтса, жұмыспен қамту мәселесінде берілген тапсырмалар орындалмай жатқан аудан, қалалардың тізімін жасап, әкімдіктің аппаратына беруді тапсырды.