Кеше түнде Шымкентті жағымсыз иіс жайлап кетті. Апатты қызмет пен құтқарушылардың кезекші телефондарына тыным болған жоқ. Алаңдаған тұрғындарға мамандар бұл иіс табиғи газ емес деп отыр.
«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының мамандары арнайы құралдармен иіс жайлаған аумақты бірнеше рет тексердік дейді. Ауада көгілдір отынның құрамдас бөліктері анықталмаған. Мұны төтенше жағдай қызметкерлері де растап отыр. Олардың айтуынша, ауаға аммиак тараған болуы мүмкін.
Қазір арнайы комиссия құрылып, ОҚО бойынша экология департаментінің мамандары арнайы сараптама жасау үшін сынамалар алып, оны тексеруде. Қалай болғанда да жағымсыз иістен күдіктенсеңіз, дәке бетперде киіп жүріңіз, деп кеңес береді санитар-дәрігерлер.
Енді жағымсыз иістің неден шыққан бірер күннен кейін анықталады. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілдері хабарлады. Арнайы комиссия тексеруінің қорытындысы сол кезде шығады дейді мамандар.