Жанат Тәжиева: «Инспекторлар оқушыларға да, студенттерге де қажет»

356
Жанат Тәжиева қала мектептерінен инспекторды алып тастауды ұсынды

Мектеп инспекторлары тек өздері бекітілген мектептерге ғана емес, сол аймақтағы оқу орындарының студентерін де бақылауға алса! Себебі, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 95 пайызы мектептен тыс жерде болады. Осылай деген Жанат Тәжиева бұл ұсынысты қалалық білім бөлімінің мектеп инспекторларынан бас тартуы деп түсіну қате пікір дейді. Шымкенттің бас мұғалімі қылмысты азайту үшін тек мектеп басшылығы мен ұстаздар ғана емес, колледждер мен жоғарғы ору орындарының тәртіпке жауапты мамандары да атсалысуы тиіс деп отыр.

Жанат Тәжиева қала мектептерінен инспекторды алып тастауды ұсынды

Жасұлан Бекауылов №23 мектептің инспекторы қызметіне өткен жылы тағайындалған. Күнделікті жұмысын таңертең оқушылардың жол қауіпсіздігінен бастайды. Одан кейін кабинетінде орнатылған бейнебақылау арқылы мектептегі барлық бөлмелер мен аулаға шолу жасайды.

Жасұлан Бекауылов, инспектор: «Мектепте бейнебақылау жүйесі орнатылған. Ғимараттың ішінде — 8, сыртында 4 жерге камера орнатылған.»

Мектеп инспекторларының білім мекемелерінде көмекшілері жетерлік. Олар — мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі екі орынбасары. Психолог, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен сынып жетекшілері де өз оқушыларының тәртібін қатаң бақылайды. Сала мамандары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 95 пайызы мектептен тыс жерде жасалады дейді. Сондықтан инспекторлар тек мектепте отырмай, шағынаудандағы учаскелік полицейлердің көмекшісі болып, колледждер мен ЖОО студентерін бақыласа, қылмысқа бейім жасөспірімдердің ата-анасымен тығыз қатынаста болса дейді.

Әрине, бұл қалалық білім бөлімі басшыларының жеке пікірлері. Жасыратыны жоқ, барлық жауапкершілікті бір ғана мектеп пен білім бөліміне жүктемей, ата-аналардың да өз баласының тәртібіне жауапкершілігін күшейтетін уақыт әлдеқашан жеткен. Ал мектеп инспекторлары өздеріне жүктелген аумақты егжей-тегжей білгенде ғана ұстаздардың нағыз көмекшісі болары сөзсіз.

Нұрлан Жаңабай