Қақаған қыста көлікпен түгілі жаяу жүрудің өзі мұң. Ал велосипедпен серуендеу туралы айту тіпті артық. Содан болса керек, қаладағы «Шымкентбайк» жүйесінің құралдары әзірге пайдаланылмай жатыр. Биыл ғана сүйікті Шымқаламызға әкелінген велосипедтер қар астында қалды.
Қар басып, мұз қатқан велосипедтерді көрген жерлестеріміз бізге осының қажеті қанша еді деген пікірде. Ал жаяу жүргінші жолдарындағы қарды күреп жүрген жұмысшылар да велостанцияларды айналып өтіп кетуде.
Жарты күн жүріп, шаһар көшесінде қар басып тұрған велодүниенің иелерін әрең таптық. «Велобайк» мекемесі мамандарының айтуынша, Шымкент қаласы бойынша 200 велосипед 40 станцияда тұр. Шілде айынан бері бар болғаны 400-ден астам карточка сатылған. Соның оны қала әкімдігінің қызметкерлерінде.
Осы жобаны Астана қаласында жүзеге асырғандар Шымкент қаласында қыс болмайды деп ойлаған болуы мүмкін. Себебі, веломаусымын 10 ай деп белгілепті. Яғни иелері қаңтар мен ақпанда көшедегі велосипедтің барлығын жинап алып, техникалық қадағалаудан өткізбек.
Нұрлан Жаңабай