Шымкентте бір фирма қызметкері өзін-өзі тонау оқиғасын ұйымдастырған. Ол бұл әрекетке жоғалған ақшаның орнын жабу үшін барыпты.
Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, 12 қараша күні түнгі сағат 21:00-де Абай полиция бөліміне қала көшелерінің бірінде тонау болғаны жайлы суыт хабар түседі. Оқиға орнына жеткен полицейлер Приора автокөлігі Ауди көлігін қысып тоқтатқанын анықтайды. Неміс көлігінде 36 жастағы жігіт пен 30 жастағы келіншек — фирма қызметкерлері болыпты.
Жүргізушінің айтуынша, Лада көлігінен шыққан екі жігіт бұлар алып келе жатқан фирманың ақшасын тартып алып, қашып кеткен екен. Осы оқиғаны тексерген полицейлер күдікті ретінде 36 жастағы Ауди жүргізушісінің өзін ұстады. Тергеу кезінде анық болғаны, бұл азамат өзін тонау оқиғасын өзі ұйымдастырыпты. Мұндағы себеп — жымқарған фирма ақшасының орнын жабу. Қазір қылмысты іс қозғалып, тергеу жалғасуда.