Созақ ауданы Жуантөбе ауыл округінде 50 орынды «Алуа» балабақшасы ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл — биыл пайдалануға берілген жетінші бөбекжай. Осылайша «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған балабақшаларда 660 сәби тәрбие алуда. Нәтижесінде ауданда бағдарламаның орындалуы 84,5 пайызды құрады.
Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісе келген аудан әкімі М.Исеав балалар тәрбиесі әрқашан басты назарда екеніне тоқталып, бүгінгі ұрпақ еліміздің ертеңі екенін айтты. Сондай-ақ, аталған нысан кәсіпкердің жеке иелігінде болса да мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.
Елу бала тәрбиелетін мектепке дейінгі білім беру ұйымында жергілікті 10 адам жұмыспен қамтылып отыр. Соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған балабақшада, екі жатын бөлме, асхана, демалыс бөлмесі, медбике бөлмесі бар.
Айта кетейік, Созақта жыл соңына дейін «Балапан» бағдарламасы аясында тағы 5 балабақша ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.