Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкентті аралап, шаһарды абаттандыру жұмыстары бойынша қаланың басшылық құрамымен көшпелі кеңес өткізді. Көшпелі кеңес барысында облыс орталығының сəулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында қараусыз қалған сай-салаларды да тиімді пайдалануға баса назар аударылды.
Облыс басшысы Шымкент әуежайын аралап, әуежай маңындағы көлік тұрағы мен абаттандыруды әлемдік стандарттарға сай етуді тапсырды. Ең басты мәселе тазалық пен тәртіп екенін ескертті.
— Қаламызға келетін шетелдік қонақтар саны жыл санап артып келеді. Сондықтан бірінші кезекте әуежайымызды ретке келтіруіміз қажет. Мұндағы көлік тұрақтары мен абаттандыру жұмыстарын әлемдік стандартқа сай етіп, жасауға тиіспіз, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Аймақ басшысы Дінмұхамед Қонаев даңғылы мен Тұрар Рысқұлов көшесінің қиылысында орналасқан көкөніс базарының жұмысын да сынға алды. Көлік кептелісін туғызып, шаһар сәнін бұзып тұрған базар жұмысын реттеуді тапсырды.
Облыс әкімінің ерекше көңіл бөлген мәселесі — жер телімдері. Бұл салада жүйесіздік пен заңсыздық көп орын алғандықтан аталған жайт тиянақты зерделеуді қажет етеді. Қаланың бас жоспарына сай енді жер телімдері жеке сектордағы үй құрылысына емес, еңселі көп қабатты тұрғын үй кешендерін салу үшін берілмек. Облыс әкімі шаһардың жаңа бет-бейнесін нақтылауды тапсырды.
Сондай-ақ аймақ басшысы Қайнарбұлақ саяжайына барар жол бойындағы сай-салаларын көгалдандыру жұмыстарының жобасымен танысты. Қала ішіндегі аумағы 600 гектар үш бірдей табиғи сай-салалар келешекте саялы саябақтарға айналуы тиіс. Бұл бірегей жоба құрылысы көктемде қарқын алуы қажет.
Сайларда орналасатын демалыс орындарында балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңдары, шағын архитектуралық кескіндер, орындықтар, жол шамдары орнатылып, ағаш көшеттері отырғызылмақшы.
Әкім сондай-ақ әкімшілік іскерлік орталығы, Астана даңғылы, Ұ.Арғынбеков көшелеріндегі көгалдандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Қаланы аралау барысында тиісті құрылым жетекшілеріне тапсырмалар беріліп, қысқа мерзімде нəтижеге қол жеткізілу міндеттелді.