Бар жақсылық – балаларға!

441

Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жұлдызды 25 күн іс-шарасы аясында «Бар мейіріміміз –  балаларға!» атты қайырымдылық акциясы өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімі үздік оқу озаты болған 10 дарынды оқушыға және  ерекше білім беруді қажет ететін, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыдан шыққан 240 балаға мемлекет басшысының атынан сый-сияпат тарту етті.

Бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы деген аймақ басшысы барша жас өрендерді мерейлі мерекемен құттықтап, еліміздің нағыз патриоты болуға шақырды.

– Келешегін ойлаған ел ұрпағының тәрбиесіне айрықша қарауы тиіс. Елбасымыз әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететінін және мемлекет оны қамқорлығына алуы тиістігін атап айтқан болатын, – дейді обылс әкімі. – Яғни. біз балалардың құқықтары сенімді қорғалуы үшін қажет жағдайдың барлығын жасауға міндеттіміз. Сондай-ақ, елімізде балалар сапалы білім мен тәрбие алу үшін қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған жаңа мектептер салынуда. Бұл мемлекет басшысының келешек ұрпаққа жасаған қамқорлығы деп білемін.

Мерекелік көңіл-күйде безендірілген салтанат сарайында Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің үрмелі аспаптар оркестрі патриоттық туынды ойнаса, балалар шығармашылығынан шағын көрме қойылды. Сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздінің 25  жылдығына арнайы «Жаса, Қазақстан!» әніне флэшмоб ұйымдастырылды.

Айта кетейік, мұндай қайырымдылық облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында өткізіліп, онда 6000 бала киім-кешекпен қамтылды.