Шымкенте қалалық тұрғын үй инспекциясының басшылығы өзіне жүктелген міндеттерге немқұрайлы қарайды. Қала әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде аталған инспекция басшысы осындай сын естіді. Инспекция қала әкімінің берген бірнеше тапсырмасын орындамаған. Атап айтқанда, қаладағы көпқабатты үйлердегі жаңарту жұмыстары мен пәтер иелерінің кооперативін құру жұмысы мардымсыз.
Шымкенттегі 1800-ден астам көпқабатты үйдің 1400-інде түрлі бағыттарда коммуналды қызмет көрсету мекемелері құрылған. Бүгінде кезек күттірмейтін басты мәселе — барлық көпқабатты үйде кондоминиум жүйесін енгізіп, үй басшыларының мәртебесін нақтылау қажет. Олардың жауапкершілігін арттырмайынша, жұмыс жүйеленбейді. Ол үшін көгілдір отын, су және жарық тарататын монополистер үй төрағалары мен төрайымдарына айлық төлеуі тиіс. Әкімдік өкілдері осылай деп отыр.
Бүгінде қаладағы төрт ауданда кондоминиум құрған үйлердің үлесі 79 пайызға жеткен. Ең төменгі көрсеткіш — Қаратау ауданында. Бұл талапты орындауға қатысты жұмыс істеп жатырмыз дейді басшылар. Ал тұрғын үй инспекциясы тарапынан ешбір нақты қадам жасалмаған. Бұл немқұрайлылық қала әкімінің ашуын туғызды.
Жиын қорытындысында аудан әкімдеріне пәтер иелерінің кооперативін құруды жеделдетуі тиіс деген тапсырма берілді. Себебі алдағы жылы тұрғын үй заңына өзгеріс енгізіледі, оған сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелері тек жеке пәтеріне ғана емес, жалпы үйдің жағдайына жауап беретін болады.
Нұрлан Күдерұлы