Көпқабатты үй қорын сақтауға тұрғындар да атсалысуы тиіс

272
Тұрғындар:

Көпқабатты үй қорын сақтауға тұрғындар да атсалысуы тиіс. Бүгін Шымкентте осы тақырыпта арнайы дөңгелек үстел өтті. Өзекті мәселені талқылауға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының өкілдері, басқарушы компаниялар қауымдастығы мен су, газ, жылу және электр энергиясымен қамту компанияларының қызметкерлері қатысты. Өзекті мәселені талқылауға Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары мен үй төрағалары да арнайы шақырылған. Мұндағы мақсат – пәтер иелерінің кооперативін құруға шақыру.

Көпқабатты үйлер күтімсіз қалуда. Егер шатырлары мен жертөлесіндегі жүйелер мерзімінде жөнделмесе, тозады дейді әкімдіктегілер. Сондықтан тұрғындарды үйді басқаратын компанияларды таңдап, сол қызмет арқылы үй қорын сақтап қалуға шақырады. Бүгінде Еңбекші ауданында 630 көпқабатты үй бар. Былтыр кондоминимум нысаны ретінде тіркелген үйлердің саны 514-ке жеткен.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Бүгінде қалыптасқан жағдай тұрғындар үйлерді жылу беру маусымына дайындаумен шектеледі. Шатырлар мен жертөлесін, тозығы жеткен үй ғимараттарын жаңалауда бір шешімге келе алмай жататын үйлер де жеткілікті. Жалпы үй сол жерде тұратын азаматтардың меншігінде болғандықтан, нысанды күтіп-ұстауға қай әдіс дұрыс екенін анықтау үшін бүгін дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Тұрғындар көпшілік дауыспен басқарушы компанияны таңдаса, әрине, олар нысанның толық қызметін өз мойнына алады. Меншік иелерінің қарауынсыз қалған үйді жөнге келтіріп, жүйелер толығымен алмастырылса, онда бұл компанияларға халық сенім артып, өзге үйлер де басқарушы компанияларға тапсырыс жасайды.»

Пәтер иелерінің кооперативі – тұрғындарға ағымдағы жөндеу, жылу жүйелерін жөндеу, қыс мезгіліне дайындау, санитарлық-техникалық тазалау және электрлі-техникалық жұмыстардың сапалы орындалуына қолайлы жағдай жасау секілді міндеттерді өз жауапкершілігіне алады. Бұл ретте қала әкімдігіне ПИК құру үшін біріккен ұлттар ұйымының жаһандық экономикалық қоры «Даму» бағдарламасы жәрдем беретін болады.

Әбдімәлік Балбаев, БҰҰДБ өңірлік өкілі: «Грант бірнеше көпқабатты үй біріккен шақта беріледі. Ол қаржыны ауланы жарықтандыруға жұмсауға болады. Пәтер иелерінің кооперативі – меншік иесі емес, ол тұрғындарға қызмет көрсететін менеджер. Пәтер иелерінің кооперативі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын Пәтер иелерінің кооперативіне төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу мен штат қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады.»

Жиынға қатысқан үй төрайымдары алдымен коммуналды қызмет көрсететін монополистердің жұмысын реттеп алу қажет деп есептейді. Бүгінде бірыңғай төлем құжаты бойынша тұтынған табиғи газ не жылуға төлем жасауда күрделіліктер барын олар жасырмады.

Ольга Логунова, үй төрайымы: «Біз тұрғындармен қосылып, әрең дегенде жылу есептегіш құрылғы орнаттық. Енді үнемдейміз десек, керісінше, есептегіш құралындағы көрсеткіштерге жылу берушілер қосымша тұтынбаған төлемдерді қосып берген. Не деген масқара? Есептегіш құрылғысын орнатпаған кезде қандай төлем төлесек, қазір дәл сол сома шығуда. Оның тиімділігі қайда? Ал газ таратушылар болса, тұтынбаған текше метрлерді қосуды әдетке айналдырған.»

Талқылау барысында анықталған мәселелердің өзектісі – коммуналды қызмет жұмысын жүйеге қою қажет және тұрғын үй қорын сақтаумен айналысатын басқарушы компанияларды қызмет бөлмесімен қамту. Ең бастысы, осында айтылған әңгіме тұрғындарға жеткізілуі тиіс. Өйткені пәтер иелері кооперативін құру, басқарушы компанияларын таңдау құқығына көпқабатты үйлердің тұрғындары ие. Тозығы жеткен үйлер күтімсіз қала берсе, баспанасыз қалған тұрғындарға ешкім көмектеспейді.