Күнгейде «Мәуліт» мерекесі тойланды

822

«Мейірімділік жаршысы.» Күнгейде осындай тақырыпта Мәуліт кеші өтті. Рухани жиында Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) сахабаларына қалдырған өсиеттері мен Құран аяттары оқылды. Алла Елшісіне арнап ақындар мадақ өлеңдерін оқып, ақжарма арнауларын айтты.

Бұл кешке жиналған жамағат бір уақытта Түркістан сарайындағы 1500 орынға сыйған жоқ. Түрегеліп тұрғандар да бар. Кейбірі, тіпті, баспалдақтарға да жайғасты. Барлығы Мәулітті қосыла айтып, сауап жинады.

Ахметжан Керімбек, облыстың бас имамы: «Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айту — әрбір мұсылман үшін міндет, парыз. Міне, осы салауат айту арқылы біз мол сауапқа кенелеміз. Мәуліт мүбәрәк болсын! Бұл айды атап өтудегі негізгі мақсатымыз — осы салауатты көп айту, насихаттау, Пайғамбарымызды жіті тану, тану арқылы жақсы көру, сағыну».

Мәуліт — иісі мұсылман үшін ең қадірлі айдың бірі. Қасиетті мерекеде Пайғамбарымыздың туғанына барша қауым қуанып, шүкірлік айтады. Алла Елшісінің өмірінен сыр шертер осындай мазмұндағы қойылымдар мен бейнетуындылар да көпшілік назарына ұсынылды. 30 күнге созылған қасиетті ай жамағаттың жақсылыққа, имандылыққа бет бұруына мүмкіндігі десті көпшілік.