Мемлекеттік қызметкерлер тест сынағын тапсырды

1111
Мемлекеттік қызметкерлер тест сынағын тапсырды

Мемлекеттік қызметкерлердің алдын ала тест сынағы Шымкентте басталды. «Б» корпусының қызметкерлері сынақ кезінде белгілі бір қызметке деген жауапкершіліктері мен жұмыс барысындағы ұстамдылығы бойынша сұрақтарға жауап береді.

Таңғы сағат 9-да жұмыс орнында болуы тиіс мемлекеттік қызметкерлер сынақ тапсыру орнына жиналды. 50 қызметкер видеоқондырғымен жабдықталған су жаңа тестілеу кабинетінде отыр. Департамент, басқарма басшыларынан бастап әкімдік пен мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері жеке қабылеттерін тексеретін сауалдарға жауап беруде. Бұл сынақтың барысын Астанадағы орталық аппараттың өкілдері қадағалап отыр.

Түрлі салада жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер 190 сұраққа жауап беруі керек. Айта кетерлігі, тест сынағының шарттары жеңілдеу. Нағыз сынақ қаңтар айында басталады.

Үш кезеңнен тұратын аттестацияның бірінші сатысында бағалау парағына қызметкердің еңбек өтілі, марапаттары мен жұмыс барысында жіберген кемшіліктері туралы мәлімет жинақталады. Ал бүгінгі екінші кезеңде шенеуніктің басқару қабылеті, ұжымда өзін-өзі ұстауы сынға түседі. Одан кейін әңгімелесу сатысы. Соңғы кезеңде арнайы комиссия осынау сынақ кезеңдерін қорытып, өз шешімін шығарады.

Сынақ тапсыруға келгендердің арасында облыстық мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасының басшысы да бар. Салада айтарлықтай тәжірибесі бар, ең бастысы, өз-өзіне сенімді Құттыбек Жамашев еш саспайды.

Тестілеу барысын психолог мамандар да қалт жібермей қадағалап отыр. Осыған дейін де бірнеше сынақтардан өткен шенеуніктерге таратылған сұрақтар бұл жолы жан-жақты қамтылып отыр. Сондықтан тыңғылықты дайындық қажет дейді.

Жылдың ортасына дейін «Б» корпусындағылардың барлығы да аттестациядан өтуі тиіс. Бұл — Елбасының тапсырмасы. Тестілеу нәтижелері шенеуніктердің заңнамаларды жіті білуіне, жеке қабылеттерін анықтауға бағытталған. Бұл сындар қызметкердің мансабына да әсер етеді. Комиссия шешіміне сәйкес шенеуніктің қызметі көтеріліуі де мүмкін. Ал теріс қорытындылар қызметкердің жұмыстан қуылуына себеп болады.

Айта кетейік, облыста «Б» корпусына жатқызылатын 8700 мемлекетік қызметкер бар. Олардың 6 мыңнан астамы аттестациядан өтуі тиіс. Бұл сынақтан аяғы ауыр қызметкерлер, 3 жасқа дейінгі баласы бар аналар мен балаларының жасы 14-ке толмаған жалғыз басты саналатын қызметкерлер босатылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі өтілі 6 айдан кем мамандар мен зейнетке шығуына 2 жыл қалған қызметкерлер де аттестация тапсырмайды.

Айта кетейік, негізгі кешенді аттестация ақпан айында басталады. Оны «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметкерлер тапсырады.

Мақпал Рысбаева