Озық тəжірибе Оңтүстікте жүзеге асады

420
Озық тəжірибе Оңтүстікте жүзеге асады

Оңтүстік Қазақстан облысы мамандары Түркияға барып, тәжірибе алмасып келді. Анкараға барған топтың бұл жолғы құрамында қаржы, жол құрылысы, энергетика, туризм салаларының мамандары мен БАҚ өкілдері, жалпы 22 адамнан тұратын делегация барып қайтты.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшының орынбасары Қ.Тастанов, қаланың сәулетшісі Н.Архабаев Түркиядағы осы сапары туралы ОҚО аймақтық коммуникация қызметінің алаңына келіп, өз ойларымен бөлісті.

Озық тəжірибе Оңтүстікте жүзеге асады

Делегация мүшелерінің айтуынша, өңірден барған топты Анкара қаласы мэрі орынбасарының көмекшісі Юнус Алуч күтіп алып, қаланың тарихы мен қазіргі таңдағы жағдайы туралы және алдағы даму жоспарларымен таныстырған. Бұдан кейін жерлестерімізді Анкара қаласының мэрі М.Гекчек пен Анкарадағы Қазақстан елшілігінің үшінші хатшысы М.Отарбаев қабылдаған.

Озық тəжірибе Оңтүстікте жүзеге асады

Сапар барысында делегаттар Дикмен шатқалына, «Солтүстік Анкара» жобасы бойынша көп қабатты үйлердің құрылысы және шатқалдарды абаттандыру барысын, үйлердің сырт келбетімен танысты. Мамандар аралау барысында Анкарадағы құрылыстың қысқа мерзімде және үш жолақты көшелердің құрылысы 5 ай мерзімде аяқталатынын жеткізді. Сонымен қатар, олар ірі өндіріс орындары шоғырланған «Синджан» индустриалды аймағында болып, бірқатар кәсіпорынның жұмысын аралап көрген.

Өз кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетем деген адамға «Cинджан» аймағында жер телімі сатылады. Билік сол қаражатқа инфрақұрылым тартып, кәсіпкерге 3 жыл мерзім береді. Осы уақытта өзін көрсете алмаса, жер мемлекет меншігіне қайта өтеді екен. Бүгінде онда 6 экономикалық аймақ болса, сонда 35 мың азамат еңбек етеді. Туризмі дамыған және өнеркәсібі кеңге қанат жайған бұл елде жұмыссыздық жоқтың қасы дейді жерлестеріміз.

Спикерлер, сондай-ақ, қоқыстың да кәдеге жарайтынын айтып, Анкарада күніне 15 мың тонна тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін 2 кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Олардың әрқайсысы сағатына 45 МвТ электр энергиясын өндіреді.

Сонымен қатар облыстағы 15 дәрігер Анкара қаласында болып, онкология, кардиология, травматология, ана мен балаға медициналық жәрдем көрсету бағыттарында тәжірибе алмасып, біліктіліктерін жетілдіріп келді.

Айта кетейік, бұған дейін өңірімізден өз саласының дамуына үлес қосқан білім, денсаулық және мәдениет салаларының қызметкерлері жалпы 110 адам Түркияда тәжірибе алмасып, білімін шыңдап келген болатын.