Қылмыстың алдын алуда жергілікті кәсіпкерлер де көмектесуі тиіс. Шымкентте тәртіп сақшылары қара темір мен аккумулятор қабылдайтын орындарды тексеруге шықты. «Қауіпсіз қала» жобасын Абай аудандық прокуратура қызметкерлері мен жергілікті полицейлер бірлесіп атқаруда. Кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген құқық қорғаушылардың мақсаты — қылмыстың орын алуына жол бермеу.
Қала көшелерінде қара темір және көлік аккумуляторын қабылдау бекетерінің қаптап кеткені ешкімге жасырын емес. Алайда сол кәсіпкерлеріміз қылмыс санының өсуіне үлестерін қосып отырғанын білмейді дейді құқық қорғаушылар. Оған себеп — кәсіпкерлердің қабылдаған заттары ұрлықы болуы әбден мүмкін.
Оралман қандасымыз Жақып Омар — нәпақасын қара темір және аккумулятор қабылдап, тауып жүрген кәсіпкердің бірі. Соңғы кезде автокөлік аккумуляторын тонау оқиғалары жиіліп кеткенінен бұл азамат та хабардар. Ұрланған затты сатып алу заңсыз болғандықтан, бұдан былай автокөлік бөлшегін қабылдауды доғардым дейді.
Аудан бойынша тіркелген өзгенің мүлкін тонауға қатысты 536 оқиғаның 102-сі — автокөлік аккумуляторының ұрлығы. Ал кәсіпкерлер қабылдап жатқан затты арнайы журналға тіркелсе, ұрыларды тез анықтауға мүмкіндік бар деген құқық қорғаушылар кәсіпкерлерге заңды жұмыс жасауға шақырып, кеңестерін берді.
Нұрлан Жаңабай