Аккумулятор ұрлаумен айналысқан автоұрылар ұсталды

208

 

Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті үш тұрғын арызданып, ақпан айының басында белгісіз тұлғалар олардан автокөлік аккумуляторларын ұрлап кеткенін көрсетті. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, түнгі уақытта автоұрылар «КамАЗ» маркалы жүк автокөлігінен құны 100 мың теңге тұратын екі аккумуляторды жымқырып кеткен. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Аккумуляторлар ұрлығын ашу мақсатында Сайрам АПБ-нің криминалдық полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері жақын аймақтарды аралап, куәгерлерден жауап алып, металл сынықтарын қабылдау орындарын тексеріп, басқа да қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, көшедегі бейнебақылау камераларының бірінен жедел уәкілдер күдіктілердің бірін байқады.

Сайрам АПБ-ның полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында күдікті ретінде Түлкібас ауданының тұрғынын ұстады. Тергеу барысында күдіктілер түнгі уақытта көшеде адамдардың болмайтынын пайдаланып, иелері қараусыз қалдырған автокөліктерді ашып, автокөлік аккумуляторларын ұрлап жүргені белгілі болды. Содан кейін ұрланған мүлікті сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Полиция қызметкерлері қазіргі таңда күдіктілердің осындай 9 ұрлыққа қатысы барын, бөтеннің мүлкін ұрлап, жәбірленушілерге бір миллион теңгеге жуық шығын келтіргенін анықтады. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде ұрланған мүліктің бір бөлігін тәркілеп алды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар қалған екі күдіктіні ұстау шараларын жүргізуде.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарға қырағы болуды және өз мүлкін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Автокөліктерді жақсы жарықтандырылған орындарға немесе тұрақтарға қою керек. Көліктерге күзет сигнализациясын орнатып, салонда құнды заттарды қалдырмау керек. Ұрланған немесе айдап әкетілген жағдайда автокөлік иелері тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласу қажет.