Көксарайда Сырдариядағы жағдай талқыланды

527
Көксарайда Сырдариядағы жағдай талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысу мақсатында бірқатар аудандарды аралады. Облыс басшысы мінген тікұшақ алдымен Мақтаарал ауданына қонып, арнайы құрылған тасқын зардаптарын жою жөніндегі құрылған штабтың есебін тыңдады.

Мақтаарал ауданының әкімі Ғ.Исмайлов толассыз жауған жауынның салдарынан аудандағы су басқан үйлердің аулалары толық тазартылғанын баяндады. Оның айтуынша, су басу негізінен Атакент кентіне жақын орналасқан мақталық алқаптарда жаппай сор шаю жұмыстарының жүргізілуі мен жер асты суларының көтерілуі және иесіз қалған каналдардың тазартылмауынан орын алған.

— Толассыз жауын-шашын салдарынан каналдар толып, су тұрғын үйлерге тасыған, егіс алқаптар да елдімекеннің айналасында орналасқан. Сонымен қатар каналдар ішіне шөп, қамыс, саз-балшық басып, тазаланбаған. Каналдың қорғаныс бөгеттерінің жағалауларының 1-2 шақырым жерінің топырағын жергілікті тұрғындар алып кетіп, құрылыстарға пайдаланған, — деді аудан әкімі.

Көксарайда Сырдариядағы жағдай талқыланды

Осы ретте аймақ басшысы су тасу қауіпсіздігі шараларын сақтамаған каналдардың меншік иелеріне ескерту беруді және иесіз қалған каналдарды мемлекет меншігіне, «Қазсушар» мекемесінің құзырына беруді және оны тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жер асты суларды реттеу мақсатында барлық дренаждардың жұмыс істеу қуатын қайта қалпына келтіріп, олардың дұрыс деңгейде күтіп ұсталуын және пайдалануын қамтамасыз етуді жүктеді.

Көксарайда Сырдариядағы жағдай талқыланды

Мұнан соң Жансейіт Түймебаев бастаған топ Шардара су қоймасын əуеден бақылап, Сырдария өзенінің аңғарын шолып шықты. Көксарай су реттегішінде жоғарыдан қарап шыққан соң осында Түркістан, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар ауданы əкімдері мен облыстық деңгейдегі сала жетекшілерінің қатысуымен көшпелі жиын өткізді.

Жиында өңір басшысы барша жауапты сала мамандарына төтеден келуі мүмкін тасқын суға сақадай сай болу қажеттігін ескертті. Облыс аумағында қалыптасқан су тасқыны жағдайы туралы баяндаған ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Н. Дербисов аймақтағы ірі Арыс, Келес, Бадам өзендері мен 117 шағын өзен таудан бастау алып, барлығы елдімекендер арасымен өтіп, Сырдарияға барып құйылатынын айтты.

Көксарайда Сырдариядағы жағдай талқыланды

— Осы өзендерде тасқынның пайда болуына құм, тас алу бойынша қазылатын карьер кесірін тигізуде. Өзендердің кез келген жерінен техникалардың күндіз-түні шағал тастарды артуынан қазіргі таңда облыстағы барлық өзендердің арналары өзгеріп, ұлтаны бірнеше метрге отырған, жағалаулары кемерлене шайылып, құзданып кеткен. Нәтижесінде жыл сайын өзен бойындағы елдімекендерге, автожол мен көпірлерге, жоғары қуатты электр жүйелеріне, егістік жерлерге, мазараттарға және басқа да шаруашылық нысандарға қаупін тигізуде, — деді Н.Дербисов.

Жиын барысында жағдайдың жай-жапсарын мұқият тыңдаған облыс әкімі өңірлердегі болуы мүмкін тасқын судың алдын алу бойынша тиісті шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді. Бұдан бөлек облысымызда жыл сайын қайталанатын мəселені оңтайлы шешу жолын ұсынды.

Су тасқынына қарсы шаралардың мән-жайы талқыланған жиында жоғарыда аталған 4 ауданның әкімдері өзендерде толған суды ауыл шаруашылығы бағытына қолдануға мүмкіндік беретін жобаларымен танысты. Яғни, көктемдегі суды тиімді пайдаланып, суармалы жерлерді ұлғайту көзделуде.

Өз кезегінде өңір басшысы ұсынылған жобаларды кеңінен талқылап, жасанды су қоймаларды жасау үшін аэроғарыштық түсіріс әдістері арқылы зерделеуді және бұл жұмысқа ғалымдарды да жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

— Оңтүстікте жылда осы мəселе қайталанады. Көктемде көп мөлшерде жауатын жаңбыр кезінде тасқыннан қауіптенеді. Ал жаз кезінде егістікке су таппай қиналады. Неге біз осының ортақ шешімін таппаймыз?! Сырдарияның Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұзақтығы 375 шақырымды құрайды. Алайда осыншама құнарлы алқаптың басым бөлігі бос жатыр. Көрші Қызылорда облысының барлық аудандары мен елдімекендері өзен бойында орналасқан. Сол сияқты біздің өңірде де Сырдарияның аңғарынан су тоқтататын бөгеттер салып, көктемгі тасқын кезінде артық суды осында бұрып, егістік үшін жинайды. Менің тапсырмаммен Отырар, Арыс, Шардара ауданының əкімдері өзен аумағындағы алқаптарды суландырудың жобасын жасап шықты. Енді мұны облыстық деңгейде талқылап, тағы толықтырғаннан кейін ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынамыз. Оған қажетті қаржыны табатын боламыз. Егер жүзеге асса, қаншама халық жаңа жерге қоныстанып, жұмыспен қамтылып, табыс көзі артар еді. Диқандық кəсіпке бейім, əрі халқы тығыз қоныстанған аудандардың тұрғындары үшін қосымша тыныс ашылады. Сондықтан да аудан әкімдері мен тиісті сала басшылары осы бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Бұл жоба бізге жыл сайын қайталанатын тасқынның алдын алуға да тікелей септігін тигізетін болады, — деген Жсансейіт Түймебаев ұсынылған жобаларды қайта дайындап нақтылауды тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі                                                                                                  Фото: Самат Мырзалиев