Көктайғақтан майып болғандар көбейді

339
Көктайғақтан майып болғандар көбейді

Ақпанда төпеп жауған қар шымкенттіктерді әбігерге салды. Қалың қардың соңы соңғы үш күннен бері қала жолдарын мұз айдынына айналдырып жіберді. Соның салдарынан аяғы, қолы сынып, жарақаттану бекетіне барғандардың саны күрт артқан. Үш күн ішінде дәрігерлер тәулігіне жүзге жуық науқастарды қабылдапты. Олардың жартысына гипс салуға мәжбүр.

Көктайғақтан майып болғандар көбейді

Үсен Дәуітов, травматолог-дәрігер: «Осы үш күнде жарақат алғандардың саны көбейді. Құлайды, құлағанда аяқ-қолдары, буындары сынады. Басына жарақат алғандар да бар. Көбіне оқу орнының студенттері.»

Ал қалада жолды қардан тазалау жұмыстарының қарқыны байқалмайды. Тек бір-екі көшелерде ғана аяқ жолдардың мұзы тазаланып жатыр. Қалалық коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының сөзінше, бүгін 660 қызметкер жұмысқа шыққан. Олардың барлығы көшелерді мұздан тазартуға жұмылдырылыпты.

Сұлтанхан Түзелов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Қонаев даңғылын тазалап біттік. Қазір үйілген қарды және де аяқ жолдарды тазалаудамыз. Енді сәл үлгермей жатырмыз. Бізде ішкі орамдағы жолдар — Қаратау аудан қарамағында. Бұл жолдарды шешу үшін қазір кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жұмыс жасауды қолға аламыз.»

Қалай десек те, жұмыс орталық көшелерде ғана қызу жүргізіледі. Оның үстіне сенбі-жексенбі күндері тазарту шарасы тоқтап қалды. Әсіресе, қаладан шалғай шағынаудан тұрғындарына сақ болған жөн. Өйткені шеткі аудандарда жолды тазарту жұмыстары сирек жүргізіледі. Ал абайсызда жолда жарақат алып қалсаңыз, кез-келген уақытта жедел жәрдемге хабарласыңыз. Ал қаладағы жарақат бөлімдері күндіз-түні жұмыс істейді.